Статистика. Атырауда жол апатының 14%-ына рөлі оң жақтағы көліктер себепкер

21 Маусым 2023, 19:58
1220
Бөлісу:
Статистика. Атырауда жол апатының 14%-ына рөлі оң жақтағы көліктер себепкер
Фото: polisia.kz

Облыс әкімі Серік Шәпкенов құқықбұзушылық профилактикасы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысын өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Күн тәртібінде облыс аумағындағы тасжолдарда жол-көлік оқиғаларын алдын алу мәселесі қаралды.

Атырау облыстық полиция департаментінің бастығы Нұрхат Оразбаев өңірдегі жол қауіпсіздігі туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, соңғы бес айда жол-көлік оқиғаларының саны 5,4%-ға төмендесе де, қаза болғандар саны 8,8%-ға өсіп отыр.

Осы маусым айының тек екі күнінде, яғни, 17-18 маусым күндері республикалық маңызы бар тас жолдарда (Доссор-Құлсары-Бейнеу және Ақтөбе-Атырау-Астрахань) болған жол-көлік оқиғаларынан 9 адам, оның ішінде кәмелетке толмаған 4 жасөспірім қаза тапты. Жол-көлік оқиғалары көбіне жүргізушілердің көлік жылдамдығын шамадан тыс асыруы, қарсы бағытқа шығуы және республикалық маңызы бар тасжолдардың енінің тарлығы салдарынан болып жатады. Облыс аумағындағы республикалық және облыстық маңызы бар барлық автожолдан нормативке сәйкес тәулігіне 3 500 автокөлік өтуі тиіс. Қазір бұл көрсеткіш 9 000 автокөлікке жетіп отыр. Нәтижесінде автокөліктердің тығыздығы 3 есе артып, жол апатының өсуіне әсер етіп жатыр, - деді Оразбаев.

ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Атырау облысы бойынша басқармасының бастығы Ғалымжан Құсан адамның жарақаттануына және қаза болуына әкелетін жол-көлік оқиғаларының жай-күйіне үнемі талдау жүргізіліп отыратынын айтты. Мониторинг нәтижесінде жол белгілерінің және жаяу жүргіншілер жолдарының сапасыздығы, бағдаршамдардың жетіспеушілігі, такси қызметінің реттелмеуі, полиция қызметкерлерінің жол жүру ережесін және қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шараларының жеткіліксіздігінен жол апаттары болып жатыр.

Жол-көлік оқиғаларының басым бөлігі, яғни 48%-і Атырау қаласында болған. Оның 24%-і автокөліктердің соқтығысуы болса, ал 35%-і жаяу жүргіншілерді қағу деректері. Талдау нәтижелері жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігіне байланысты бірқатар жұмыстарды қажет ететінін көрсетті. Мәселен, қаламызда жаяу жүргіншілерге арналған жолдардың тапшылығына байланысты көктем-күз мезгілдерінде тұрғындар жолдың жүретін бөлігіне шығып кетеді. Одан бөлек, қаламызда жаяу жүргіншілерге арналған өткелдердің сапасы сын көтермейді. Заманауи интерактивті құрылғылар болса да, әлі де ескі тәсілмен жолақтарды сызумен шектелеміз. Ол ұзаққа бармай, өшіріліп жатады. Оның соңы қайғылы жағдаймен аяқталады. Осының себібінен болған жол апатының 90%-ға жуығы республикалық және облысаралық жолдарда орын алып отыр. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, осы жылы болған жол-көлік оқиғасының 14%-ы рөлі оң жақтан басқаратын такси жүргізушілерінің қатысуымен болған, - деді Құсан.

Жиында облыс әкімі жол қауіпсіздігіне жауапты сала басшыларының жауапкершілігін күшейту қажеттігін айтты.

Бүгін жиында айтылған мәселелер қанша жылдан бері талқыланып келеді. Бірақ бұдан тиісті нәтиже шығарған жоқсыздар. Бекітілген жол жүру ережесі бар. Тәртіп болуы керек. Қаладағы 1600 жаяу жүргіншілер жолының екі жағынан жарық орнаттық. Қазір кішкентай көшелердің өзінде жасанды жол кедергісі бар. Құны бірнеше миллиард теңге тұратыр «Сергек» құрылғысын да орнаттық. Қаншама патрульдік көлік сатып алып бердік. Соның нәтижесі қайда? Жыл сайын Полиция департаменті сұраған қаражатты бөліп, полицейлердің жалақысын өсіру үшін қосымша қаржы да беріп отырмыз. Жол қауіпсіздігін қадағалап отырған мамандарда жауапкершілік жоқ. Егер біз осынау жағдай жасап, соңында еш нәтиже болмаса, біздің істеп жатқан ісіміздің әлі де кемшілігі бар деген сөз. Сондықтан жауапкершілікті күшейтіңіздер. Әкімдіктің міндеті – жол қауіпсіздігін барынша қамтамасыз ету, - деді Шәпкенов.

Сол себепті аймақ басшысы полицияның материалдық-техникалық базасын жаңартуға дайын екенін жеткізді. Мәселен тасжолдарда тұратын полиция көліктеріне «Кибер-шериф» борттық аппараттық-бағдарламалық кешенін орнату қажеттігін айтты.

Сонымен қатар Серік Шәпкенов Атырау және Құлсары қалаларын «Сергек» бейнебақылау камераларымен толық жабдықтау, бағдаршамды көбейту, жол апаты жиі орын алатын жерлерге жол белгілерін қою, тасжолда жайылған малдың иелеріне жауапкершілікті күшейту, такси жүргізушілерінің қызметін реттеу секілді бірқатар нақты тапсырма берді.

Өзгелердің жаңалығы