Стати ісіне қатысты дауға нүкте қойылды

Бөлісу:
Стати ісіне қатысты дауға нүкте қойылды
Фото: Орталық коммуникациялар қызметі

Қазақстан өз экономикасына сыртқы инвестицияларды тартумен қатар шетелдік капиталды қорғауға бағытталған халықаралық міндеттемелерді қатаң ұстанып келеді. Осы ретте инвесторларға Қазақстанға қарсы халықаралық трибуналға талап қоюға мүмкіндік берілген болатын. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Әділет вице-министрі Даниель Ваисов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қазір Әділет министрлігінің қарамағында халықаралық инвесторлармен ортада даулы 21 іс бар, оның ішінде:

- 13 іс халықаралық төрелікте («Big Sky Energy Corporation», «World Wide Minerals», «Alhambra», «Alhambra II», «Victoria Oil&Gas», «Gold Pool», «Е. Белавиннің Қазақстанға қарсы», «As Windoor», «Қашаған бойынша салық дауы», «Stati», «Todini-3», «Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитеті F&A Road Construction (Фермак) Қазақстанға қарсы», «Титан Қазақстанға қарсы»).

- 6 іс шетелдік соттарда («АҚШ-тағы азаматтық іс (Ф.Сатер)», «Madima s.r.l.», «Е. Амирханов Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарсы», «Л. Храпунова», «Риал-Пром Груп», «Aktau Petrol»).

- 2 іс сотқа дейінгі талқылауда («Қашаған жобасы бойынша экологиялық дау», «И. Хурани»).

Бұл ретте 21 істің ішінен 7 дау аяқталу сатысында немесе аяқталған.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында мүдделі мемлекеттік органдар Стати тараптарымен дауды реттеді. Сонымен, 2024 жылғы 4 желтоқсанда Стати тараптарымен дауды түпкілікті реттеу туралы келісімге қол қойылды.

Айту кету қажет, дауды реттеу бюджеттік шығынды талап етпеді және швед сот орындаушыларының сақтауында болған Ұлттық қордың шамамен 75 миллион АҚШ доллары Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі пайдасына қайтарылды – деді Даниель Ваисов.

Өзгелердің жаңалығы