Қазақстанның соңғы жаңалықтары

СҚО мектебіндегі буллинг: Министрлік мәлімдеме жасады

Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
19 Қыркүйек 2025, 14:52
592
Бөлісу:
 BAQ.KZ  - архив
Фото: BAQ.KZ - архив

Солтүстік Қазақстан облысындағы олимпиадалық резерв мектебінде болған оқиғаға байланысты Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті арнайы шаралар қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұған дейін БАҚ беттерінде Солтүстік Қазақстан облысындағы арнайы мектеп-интернат оқушысының анасы баласының буллингке ұшырағанын мәлімдеді. Әйелдің айтуынша, оның ұлын жоғары сынып оқушылары ұрып-соққан.

Балалардың құқықтарын қорғау комитеті осы мәселеге қатысты ресми ұстанымын жариялады.

Комитет төрағасының тапсырмасымен Психологиялық қолдау орталығының мамандары өңірлік бала құқықтары жөніндегі уәкілмен бірлесіп оқиға орнына жіберілді. Мақсат – жасөспірімге және оның отбасына көмек көрсету, жағдайды жан-жақты зерделеу.

Сонымен қатар құзыреті аясында шара қабылдау үшін Туризм және спорт министрлігіне, бақылау жүргізу үшін облыс әкімдігіне және кейінгі мониторинг мақсатында өңірлік уәкілге тиісті хаттар жолданды.

Комитет балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау – білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы екенін атап өтті. Бұған дейін жүргізілген мониторинг барысында мамандандырылған спорт мектептерінде қауіпсіздікті сақтау бойынша заңбұзушылықтар анықталған. Тиісті материалдар спорт саласына жауапты мемлекеттік органдарға жіберілген болатын, - делінген хабарламада.

Мәселені жүйелі шешу үшін жаңа оқу жылынан бастап “ДосболLIKE” атты антибуллингтік бағдарлама іске қосылды. Оның мақсаты – балалар арасындағы буллингтің алдын алу, оның деңгейін төмендету және спорт мектептері де қамтылатын білім беру ұйымдарында қауіпсіз әрі сыйластыққа негізделген орта қалыптастыру.

Өзгелердің жаңалығы