СҚО-дағы қоныс той. Халық алғысын айтты

7 Маусым 2024, 17:29
2919
Бөлісу:
СҚО-дағы қоныс той. Халық алғысын айтты
VIDEO
Фото: BAQ.KZ

Кеше Петропавлда Бірлік шағын ауданы пайда болды. Қазіргі таңда шағын ауданда 100 баспана бой көтерді. Оның 53-і тасқыннан зардап шеккен отбасыларға табысталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бүгін Үкімет басшысы Олжас Бектенов халықпен кездесіп, үйдің сапасын тексерді.

Солтүстік Қазақстан облысы қаладағы су басқан ықшам аудандардағы үйлердің құрылысын алғашқылардың бірі болып аяқтады. Біздің басты міндетіміз – зардап шеккендердің барлығын суық түскенге дейін үйлеріне көшіру, - деп атап өтті Бектенов шағын аудан тұрғындарымен кездесуде.

Бірлік шағын ауданынан алғашқылардың бірі болып үй алған Оразғали Әлдекеев әкімдік тарапынан таңдау берілгенін айтады.

Бізге пәтер аласыздар ма, әлде жер үй аласыздар ма деп сұрап, таңдау берді. Әйеліміз екеуіміз ақылдасып, жер үй аламыз деп шештік. Осылайша бірден әкімдікке өтініш жаздық. Негізі бұрынғы үйіміз аса үлкен емес еді, 45 шаршы метр болатын, ал қазіргі жаңа үй - 80 шаршы метр. Ішінде бүкіл жағдай жасалған. Жаңа үйіме кіре сала, ойыма немерелеріме кішкентай ойнайтын алаң істеймін деген ой келді, – деді Оразғали Әлдекеев.

Сондай-ақ Қалалық ардагер кеңесі төрағасының орынбасары Иманғали Тәттібаев бір жарым айдың ішінде үй салынатынына сенбегенін айтты.

40 күнде кең далада үлкен шағын аудан пайда болды. Үйдің сапасы да жақсы, ішінде материалдық жабдықтардың бәрі бар. Ауласы кең алаңда толыққанды отбасы өсіп-өнетін болды. Мемлекет басшысына, үкіметке және жергілікті әкімдікке рахметімді айтамын. Әрине, көп сағат аянбай еңбек еткен құрылысшыларды да ұмытпауымыз керек. Олардың еңбегі лайықты бағаланады деп ойлаймын. Ал, ең бастысы халқымызға мың алғыс! Осындай қиын-қыстау кезең туғанда бірге еңсеріп шықтық, – дейді Иманғали Тәттібаев.

Солтүстік Қазақстан облысы әкiмiнiң орынбасары Қанат Дүзелбаев халыққа қазірге дейін механикаландырылған бригада көмектесіп жатқанын атап өтті.

Су тасқыны басталғаннан бері өңірде механикаландырылған бригада жұмыс істеп жатыр. Олар қазіргі таңда 218 үйге қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуде. 217 баспананың иелері жөндеу жұмысын өздері істеп жатыр. Иә, азаматтарда екі таңдау болды. Бүгінгі таңда 50/50 таңдайды, яғни өздері салам дейтіндер де, әкімдіктерге жүгінетіндердің де саны шамамен бірдей. Апаттық жағдайдағы үйлер де тексерілді. Олардың жалпы саны - 1458 үй. Өкінішке қарай, ол баспаналар қалпына келмейді. Қала мен жанындағы шағын аудардарда 700-дей үй салынып жатыр, – деді Қанат Дүзелбаев.

Дүзелбаевтың мәліметінше сүйенсек, СҚО-да су алған 2176 нысан тексерілген. Олардың 718 құрылыс нысаны қайта келтіруге жарамды деп танылды.

Видео: BAQ.KZ
Өзгелердің жаңалығы