Мемлекет басшысы қойған міндеттер шеңберінде Үкімет цифрлық шешімдерді енгізу бойынша жұмыс жүргізуде, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қазіргі уақытта Алматыда қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында пайдаланылатын Digital Almaty цифрлық форумы шеңберінде таныстырылған дрондардың бірыңғай жүйесі Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің бастамасы бойынша су тасқыны жағдайына мониторинг жүргізу үшін қолданыла бастайды.
Дрондар су тасқыны қаупі бар аумақтардан деректерді жинау үшін белгіленген траектория мен алдын ала белгіленген бағыттар бойынша күніне үш рет ұшады. Бұл өзендердің мұз жамылғысының жай-күйін, қардың көлемін, еріген сәтін, су толып кету жағдайын нақты уақытта бағалауға және уақтылы шаралар қабылдауға мүмкіндік береді,— деп атап өтті Солтүстік Қазақстан облысы әкімі аппаратының басшысы Руслан Әлішев.
Деректер уақтылы әрекет ету және шаралар қабылдау үшін Жедел басқару орталығына берілетін болады.
Бүгінгі таңда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қазақтелеком бүкіл Қазақстан бойынша дрондар инфрақұрылымының бірыңғай жүйесі бойынша жобаны іске асыруда. Жақын арада бізде 100-ге жуық дронды ұшыру жоспарланып отыр. Пилоттық режимде олар әр қалада әртүрлі мақсаттарда қолданылады: ағымдағы жағдайлардың мониторингі, ТКШ бойынша мониторинг, құқық қорғау қызметі саласында. Сондай-ақ су тасқыны жағдайлары мен орман өрті кезінде пайдаланылады. Солтүстік Қазақстан облысында бүгінде дрондарды ұшыру жоспарланып отырған 6 нүкте анықталды. Жағдайға байланысты су тасқыны кезеңінде қанша дрон пайдаланылатыны анықталады,— деді "Қазақтелеком" АҚ басқарма төрағасының орынбасары Абылайхан Оспанов.
Бұл жаңа өзгерістер су тасқыны қаупі бар өңірлерде төтенше жағдайларға ден қою тиімділігін арттыруға, мониторингті жақсартуға және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған.
Болашақта бұл тәжірибе су тасқыны қаупі бар басқа аймақтарға таралады.