Көкшетау қаласының 24 жастағы тұрғыны СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлерінің назарына ілікті, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Жедел уәкілдердің айтуынша, ол “интернет-дүкендердің” бірінде жұмыс істеген, психотроптық заттардың үлкен партияларын жоспарлаған орындарға қойып кетіп отырған, содан кейін оларды есірткі жасырушылар ұсақтап таратқан.
Полицейлер оны Космонавтов көшесінде ұстады. Жеке тінту кезінде күдіктіден әрқайсысының ішінде ұнтақ тәрізді зат бар 25-30 қалташадан салынған 10 пакет тәркіленді. Сараптама олардың мефедрон және “α-PvP” деп аталатын синтетикалық есірткілер екенін көрсетті. Тәркіленгеннің жалпы салмағы 437 грамды құрады.
Бұл биылғы жылы тәркіленген синтетикалық есірткінің ең ірі партияларының бірі. Күдікті күзетпен қамауға алынды. Электрондық ақпараттық ресурстарды пайдалану арқылы аса ірі мөлшерде есірткі өткізгені үшін ол 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін, – дейді СҚО ПД бастығының орынбасары Асқар Мұхаметқалиев.