СҚО-да 183-ші "Ауыл құтқарушылары" ерікті өртке қарсы бекеті ашылды

Ерікті құтқарушылар тәулік бойы кезекшілік атқарып, төтенше жағдайларға жедел әрекет етуді қамтамасыз етеді.

 ТЖМ баспасөз қызметі Бүгiн 2026, 05:18
Бүгiн 2026, 05:18
258
Фото: ТЖМ баспасөз қызметі

Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданына қарасты Троицкое ауылында 183-ші «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құралымы іске қосылды. Жаңа бекет Троицкое және Орталық ауылдарының, жалпы 700-ден астам тұрғынның өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Бекет ауыл шаруашылығы кәсіпорнының базасында ашылып, толық жаңғыртудан өткен. Мұнда диспетчерлік бөлме, ас үй, жатын және киім ауыстыратын бөлмелер, санитарлық торап пен гараж қарастырылған. Нысан электр қуатымен, сумен жабдықтау, кәріз жүйесі және жылыту инфрақұрылымымен толық қамтамасыз етілген.

Төтенше жағдайлар департаменті бекетті қажетті техникамен жабдықтаған. Атап айтқанда, өрт сөндіру автоцистернасы, арнайы техникалық құралдар мен байланыс жабдықтары берілген.

Ерікті құтқарушылар тәулік бойы кезекшілік атқарып, төтенше жағдайларға жедел әрекет етуді қамтамасыз етеді.

Жаңа бекеттің ашылуы өрт болған жерге жету уақытын қысқартып, ауылдық аумақтардағы қауіпсіздік деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

Наверх