Спутниктік интернет, ЖИ және ұлттық валюта: ШЫҰ елдері Бішкекте қандай келісімге келді?

 Ақорда 2 Қыркүйек 2026, 13:47
2 Қыркүйек 2026, 13:47
135
Фото: Ақорда

Бішкекте Шанхай ынтымақтастық ұйымының 25 жылдығына арналған мерейтойлық саммит аяқталды. Мемлекет басшылары Бішкек декларациясы мен қауіпсіздік, экономика, жасанды интеллект, энергетика, көлік және есірткіге қарсы күрес мәселелерін қамтитын құжаттар пакетін қабылдады. Кездесу қорытындысы бойынша ұзын-саны 28 құжатқа қол қойылып, бекітілді.

Қорытынды декларация тек жалпы саяси мәлімдемелермен шектелмейді. Онда технологиялар мен экономиканың дамуына, соның ішінде Қазақстанға тікелей қатысты спутниктік интернеттің жұмысы, жасанды интеллектіні пайдалану ережелері, ұлттық валютадағы есепайырысулар, жаңа көлік бағдарлары мен ШЫҰ Даму банкін құру сияқты нақты позициялар белгіленген.

Спутниктік интернет – тек мемлекеттің рұқсатымен

Декларацияның бөлек блогы ақпараттық қауіпсіздік пен интернетті реттеуге арналған. ШЫҰ елдері әрбір мемлекеттің өз ұлттық сегментінде интернетті басқаруға суверенді құқығы бар екенін мәлімдеді. Құжатта желіге спутниктік қолжетімділік мәселесі айрықша жазылған.

«Мүше мемлекеттер барлық ел үшін Интернет желісін реттеуге тең құқықтарды және мемлекеттің оны өз ұлттық сегментінде басқаруға суверенді құқығын қамтамасыз етуді маңызды деп санайды. Олар мүше мемлекеттердің аумағында тиісті лицензияны немесе құзыретті ұлттық органдардың рұқсатын алмай, рұқсатсыз спутниктік интернет қызметтерін ұсынуды электр байланысы саласындағы халықаралық құқықты бұзу деп есептейді», – делінген декларацияда.

Бұдан бөлек, мемлекеттер ақпараттық-коммуникациялық технологияларды милитаризациялауға және критикалық ақпараттық инфрақұрылымға қауіп төндіруге қарсы шықты. Олар интернетті террорлық, сепаратистік және экстремистік мақсатта пайдалануға қарсы күресте өзара әрекеттестікті күшейтуге ниетті.

Жасанды интеллектіге қандай шектеулер қойылмақ?

Жасанды интеллект те Бішкек декларациясының бөлек тақырыбына айналды. ШЫҰ елдері оны қауіпсіз әрі жауапкершілікпен пайдалануды қолдады.

Құжатта мемлекеттер қай мәселеде шектеулер қоятыны жеке атап өтілген.

«Мүше мемлекеттер жасанды интеллект технологияларын қауіпсіз әрі жауапкершілікпен пайдалануды қамтамасыз ету қажеттігін, соның ішінде оларды адамның өмірі мен денсаулығына, сондай-ақ мемлекеттердің ұлттық қауіпсіздігіне, аумақтық тұтастығы мен суверенитетіне әдейі зиян келтіру мақсатында қолдануға жол берілмейтінін растайды», – деп жазылған.

Саммит қорытындысы бойынша ШЫҰ елдерінің үкіметтері жасанды интеллект саласындағы өзара әрекеттестік туралы меморандумға қол қойды. Бұл құжат Бішкекте қабылданған 28 құжаттың қатарына енді.

Ұлттық валютадағы есеп айырысу және ШЫҰ Даму банкі

Декларацияның басым бөлігі экономикаға арналған. Негізгі мәселелердің бірі – өзара сауданың үшінші елдердің валютасына тәуелділігін біртіндеп төмендету.

«Мүше мемлекеттер ШЫҰ кеңістігіндегі экономикалық өсімге ықпал ету үшін қаржы саласындағы ынтымақтастықтың рөлі маңызды деп есептейді. Олар мүдделі мүше мемлекеттердің өзара есеп айырысудағы ұлттық валюталардың үлесін біртіндеп арттыру жөніндегі «Жол картасын» одан әрі іске асырудың маңызды екендігін айтады», – деп атап өтіледі құжатта.

Декларацияда әзірге доллардан немесе басқа шетелдік валютадан толық бас тарту туралы емес, ШЫҰ-ға мүдделі елдер арасындағы есеп айырысуларда ұлттық валюталарды қолдануды одан әрі кеңейту туралы айтылған.

Тағы бір бағыт – ұйымның меншікті Даму банкін құру. Бұл жобаның талқыланып жатқанына бірнеше жыл болды, алайда Бішкекте өткен жиында оның ресми түрде іске қосылғаны туралы жарияланған жоқ. Декларацияда бұл бағытта қол жеткізілген прогресс пен келіссөздерді жалғастыру қажеттігі бекітілген.

Қазақстан, өз кезегінде, болашақ банктің штаб-пәтерін өз аумағында орналастыруды ұсынды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев саммитте қаржы институтының ресурстары инфрақұрылымдық, технологиялық және өнеркәсіптік жобаларға бағытталуы мүмкін екенін мәлімдеді.

Сауда, көлік және жаңа бағдарларға басымдық

ШЫҰ елдері 2030 жылға дейінгі Экономикалық даму стратегиясын іске асыруды жалғастыруға келісті. Негізгі міндеттердің қатарында – сауданы кеңейту, өндірістік және логистикалық тізбектердің тұрақтылығын қамтамасыз ету және Еуразия ішіндегі экономикалық байланыстарды дамыту бар.

Көлік саласында халықаралық автомобиль және теміржол бағдарларын, мультимодальды дәліздер мен логистикалық орталықтарды дамыту жоспарланып отыр. Порттар мен логистикалық орталықтарды дамыту жөніндегі жеке іс-қимыл жоспары 2026-2030 жылдарға есептелген.

Қазақстанның Қытай, Орталық Азия, Ресей арасында, сондай-ақ Еуропа мен Таяу Шығысқа өтетін қолайлы транзиттік орналасуын ескерсек, бұл блок еліміз үшін аса жоғары практикaлық маңызға ие.

Қылмысқа және есірткіге қарсы күресетін жаңа орталықтар

ШЫҰ-ның ішкі құрылымында да айтарлықтай өзгерістер қарастырылған. Саммит қорытындысы бойынша Ұйымға мүше мемлекеттердің қауіпсіздігіне төнетін сын-қатерлерге қарсы іс-қимыл жөніндегі Универсалды орталық туралы ереже бекітілді.

Бұдан бөлек, ШЫҰ Есірткіге қарсы орталығының Атқарушы комитеті туралы ереже бекітілді. Бұл құрылымдар ұйымның тұрақты жұмыс істейтін органдары ретінде белгіленді.

2030 жылға дейін елдер екі бөлек бағдарламаны іске асыруды көздеп отыр: есірткіге тәуелділікпен күрес және синтетикалық есірткілер мен олардың прекурсорларының таралуына қарсы шараларды үйлестіру.

Иран айналасындағы жағдай туралы не айтылды?

Декларацияның халықаралық бөлігінде ШЫҰ елдері Таяу Шығыстағы және Иран төңірегіндегі ахуалға жеке тоқталды.

«Мүше мемлекеттер Таяу Шығыстағы және Иран айналасындағы оқиғалардың дамуына байланысты терең алаңдаушылық білдіреді. Олар Иран Ислам Республикасы аумағына жасалған, бейбіт тұрғындар арасында көптеген адам шығынына және ел экономикасына едәуір нұқсан келтіруге әкеп соқтырған әскери соққыларды айыптай отырып, ШЫҰ-ның бұған дейін мәлімдеген позициясын растайды», – делінген ресми құжатта.

ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер мұндай әрекеттердің халықаралық қауіпсіздікке орасан зор қатер төндіретінін атап өтті. Сонымен бірге саммитке қатысушылар Иранның егемендігі мен аумақтық тұтастығын қолдайтындарын растады.

«Мүше мемлекеттер Иран Ислам Республикасының егемендігі мен аумақтық тұтастығын қолдайтынын тағы да білдіре отырып, бұл қақтығысты тек саяси және дипломатиялық жолмен реттеуді жақтайды. Осыған байланысты олар өңірдегі жағдайды ушықтырмауға бағытталған барлық күш-жігерді құптайды», – деп нақтыланған.

Алда не күтіп тұр?

Бішкек саммиті Қырғызстанның 2025-2026 жылдардағы ШЫҰ-дағы төрағалығының қорытынды іс-шарасы болды. Декларацияда елдер осы кезеңде атқарылған жұмысқа оң баға берді.

Енді төрағалық Пакистанға өтеді. ШЫҰ Мемлекет басшылары кеңесінің келесі отырысын 2027 жылы осы елде өткізу жоспарланған.

Осылайша, мерейтойлық саммиттің қорытындысы бойынша ШЫҰ-ға мүше елдер тек саяси ұстанымдарын нақтылап қоймай, таяудағы жылдарға арналған нақты бағыттарды бекітті. Бұлардың қатарында спутниктік интернет пен жасанды интеллектті реттеу, өзара қаржылық есеп-айырысулар, транзиттік көлік дәліздері, есірткі тасымалына қарсы күрес және дербес Даму банкін құру сияқты маңызды жобалар бар.

Наверх