Бүгін референдумға өнер және мәдениет саласының майталмандары, спортшылар да қатысып, саяси науқаннан қалыс қалмады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Майра Ілиясова, Самал Еслямова, Әділ Ахметов, Ерік Жолжақсынов, Ерлан Малаев және басқа да елге белгілі өнер және мәдениет саласының майталмандары белсенді қатысып жатыр.
Фото: Астана әкімдігі
Біздің бүгінгі шешімдеріміз - ертеңгі күннің іргетасы. Шығармашылық зиялы қауымның өкілі ретінде болашағымызды ақыл, білім мен тәжірибе негізінде құруымыз өте маңызды, - деген ҚР еңбек сіңірген әртісі Майра Ілиясова бүгінгі референдумдағы әрбір дауыстың маңыздылығын атап өтті.
Фото: Астана әкімдігі
Бұл - халық үшін өз пікірін білдіруге және таңдау жасауға мүмкіндік беретін маңызды сәт. Мен барлығын азаматтық ұстанымын көрсетуге, шетте қалмауға шақырамын, - деп атап өтті Кино және театр актері Әділ Ахметов.
Қазақстандық спорт жұлдыздары Астанадағы референдумда дауыс берді.
Фото: Астана әкімдігі
Бокстан Олимпиада чемпионы және еңбек сіңірген спорт шебері Серік Сәпиев №165 сайлау учаскесінде дауыс берді, ауыр атлетикадан аты аңызға айналған спортшы Илья Ильин №88 учаскеге барды, сондай-ақ елордалық спортшы, ММА жаттықтырушысы Василий Тахтай №336 учаскеде өз таңдауын жасады.
Сондай-ақ референдумға Паралимпиада ойындарының күміс жүлдегері Ерғали Шамей және жүзуден Паралимпиада ойындарының қатысушысы Сиязбек Далиев қатысады.
Фото: Астана әкімдігі
Сонымен қатар джиу-джитсудан Жазғы Азия ойындарының күміс жүлдегері Галина Дуванова дауыс берді. Қазақстанның белгілі спорт өкілдерінің қатысуы референдумның маңыздылығын және спорт қоғамының белсенділігін көрсетеді.
Спортшы ретінде мен дауыс бердім және әрбір қазақстандық өзінің спорттық және өмірлік құндылықтарына сүйене отырып, шешім қабылдауы керек деп санаймын. Әрбір дауыс маңызды және біздің отандастарымыз жарыстарда жеңіске жетуге ұмтылғандай, болашағымыз үшін де осы маңызды мәселеде белсенділік танытады деп сенемін, - деді Галина Дуванова.
Фото: Астана әкімдігі
Мен дауыс бердім және әрбір қазақстандық өзінің жеке сеніміне сүйене отырып шешім қабылдауға міндетті деп санаймын. Әрбір дауыс маңызды және біздің отандастарымыз болашағымыз үшін осы маңызды мәселеде белсенділік пен жауапкершілік танытатынына сенімдімін, - деді Ерғали Шамей.
Дзюдодан тұңғыш олимпиада чемпионы, жамбылдық Елдос Сметов республикалық референдумға қатысып, өз таңдауын жасаған еді.
Фото: Скрин/ Жамбыл облысы өңірлік коммуникациялық қызметі
Тұңғыш «Қазақстан Барысы» референдумда өз таңдауын жасады.
Рысқұл Ұлан дзюдодан Қазақстанның үш дүркін чемпионы, Азияның екі дүркін чемпионы, Әлем кубогінің күміс жүлдегері. «Қазақстан Барысы» турнирінің тұңғыш жеңімпазы дауыс беріп, өз пікірін білдірді.
Фото: Жетісу облысы өңірлік коммуникациялар қызметі
Еліміздің өсіп-өркендеп дамығанын қалаймын. Сондықтан ел ертеңіне бей-жай қарамай, даму жолындағы тың бастамаларды қолдау үшін келдім. Таңдау жасадым, - деді чемпион.
Сонымен қатар көрнекті ғылым және мәдениет қайраткерлері референдумда өз таңдауын жасады.
Елордада жалпыұлттық референдумда қазақстандық ғылым мен мәдениет қайраткерлері, соның ішінде ақын Серікзат Дүйсенғазин, академик Кәрімбек Құрманалиев, сондай-ақ әдебиеттанушы және академик Дихан Қамзабекұлы және басқа да зиялы қауым өкілдері дауыс берді.
Фото: Астана әкімдігі
Академик Кәрімбек Құрманалиев жас және аға буын азаматтарының белсенді қатысуы азаматтық хабардарлықтың жоғары деңгейін айғақтайтынын атап өтті.
Фото: Астана әкімдігі
Біз таңертеңнен бастап адамдардың өз ұстанымдарын білдіруге асығып жатқанын көрдік, бұл өте қуанышты жағдай, - деді ол.
Жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әкім Тарази де саяси науқанға қатысып, өз таңдауын жасады.
Фото: 24KZ
Референдум комиссиясының өкілдері 91 жастағы драматургтың үйден дауыс беруіне қолайлы жағдай жасады. Көрнекті жазушы елдегі елеулі сәт келешек үшін маңызды қадам екенін атап өтті. Өзге де қаламгерлер референдумға бейжай қарамай, белсенділік танытып жатыр.
Бұл тарихи шешім, халықтың шешімі болмақ. Халықтың үніне құлақ асатын қоғам. Тәуекелі жоқ қоғам тәуелсіз бола алмайды. Мен өзім де бүгін дауыс бердім. Дауыс беру - ол менің жауапкершілік, азаматтық міндетім саналады, - деді ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, Роза Мұқанова.
Сонымен қатар, аты аңызға айналған қазақстандық опера әншісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Бибігүл Төлегенова атом электр станциясын салу мәселесі бойынша референдумға қатысты.
Фото: Алматы әкімдігі
Мұндай шешімдер мұқият ойластыруды қажет етеді, өйткені олар елдегі қазіргі жағдайға ғана емес, келесі ұрпақтың болашағына да әсер етеді. Мен еліміз үшін осы маңызды мәселеге өз дауысымды қоса алатынымды мақтан тұтамын, - деп атап өтті Бибігүл Ахметқызы.
Референдумда Қазақстанның Халық әртісі Асанәлі Әшімов те дауыс берді.
Дауыс беру – біздің азаматтық борышымыз. Халықтың тілегі, халықтың әл-ауқаты жасару керек деп жатырмыз. Оған қосыламын. Халықтың тұрмысы жақсарса деп, мен сол жағына қарап жақтаймын. Осындай жасап жатқан референдумға жақсы көзбен қараймын, - деді Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімов.
24KZ\скрин
Алматыда референдумға танымал қазақстандық әнші, «МузАрт» тобының солисі Кенжебек Жанәбілов қатысты.
Біз еліміздің дамуына бірнеше жыл бойы әсер етуі мүмкін шешімдерге немқұрайлы қарамауымыз керек. Референдум – пікірімізді білдіріп, ортақ іске үлес қосуға мүмкіндік, – деді Кенжебек Жанәбілов.
скрин\rsk.almaty