Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қатысушы командалардан жиналған қаражат елордада тұратын әлеуметтік жағдайы төмен 3 отбасыға берілді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Өткен сенбіде Нұр-Сұлтандағы «Ынтымақ» спорт кешенінде Наурыз мейрамы аясында бұқаралық спорттың насихатталуына және қайырымдылыққа бағытталған шағын футболдан қалалық турнир өтті.Турнирге әртүрлі салада қызмет ететін ересектерден құралған «Тіл-Қазына», «ҚазКонтент», «Жалын, «Жайдарман», «Астанкино», «Дарабоздар», «Арқалық» және «Руханият» сияқты 8 команда қатысқан болатын.
Қайырымдылық шараға елорданың тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Руханият» КММ ұйытқы болды.
«Қатысушы командалардан жиналған қаражат елордада тұратын әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға, көпбалалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі балаларға, жақында автобустардың қатысуымен болған ЖКО нәтижесінде зардап шеккен әйелдің жұбайына берілді. Олардың әрқайсына қосымша демеушілік жасаған «AFFORD» киім дүкенінің 30000 теңгелік сертификаты табысталды», – деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Руханият» КММ басшысы Ержан Еңсебай.
Ұйымдастырушылар аталмыш шараны тұрақты түрде өткізуді жоспарлауда.