Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында депутат Ғалиасқар Сарыбаев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, спорт федерациялары өз бетінше ашылады және республикалық бірлестіктерден оқшау өмір сүреді. Ал олардың бапкерлері жас балаларды жаттығуға тартып, жеткіншектердің денсаулығына зиян тигізуі мүмкін.
Сенатор қазіргі уақытта еліміздегі жаттықтырушылардың балаларды жас, яғни олардың денесі физикалық және психологиялық тұрғыдан ауыр жүктемелерге әлі дайын емес кезінен бастап спортпен шұғылдануға тартуы үрдіске айналып кеткенін атап өтті. Мұндай жағдай әсіресе, жекпе-жек өнерінде кең таралған. Ол жас ұрпақтың денсаулығына теріс әсер етеді.
Тағы бір ескеретін жағдай, бұрын балалар мен жасөспірімдердің жылына қанша жарысқа қатысуына болатындығын реттейтін нормалар болған. Қазіргі уақытта біздің елімізде мұндай нормалар қабылданбаған. Осындай жағдайлар федерациялардың өз бетімен ашылып, жұмыс істеп жатқандығы да әсері. Елімізде бір ғана каратэден біз білетін 22, таеквондодан 6, аралас жекпе-жектен (ММА) 4 республикалық федерациялар бар, - деді Ғалиасқар Сарыбаев Премьер-Министріне жолдаған депутаттық сауалында.
Депутат осыған байланысты балалар ағзасының ерекшеліктерін ескере отырып, тәрбие-жаттығу әдістемелерін дайындауды ұсынды.
Сенатор сонымен қатар, мектептерде, колледждерде және жоғары оқу орындарындағы спорт федерацияларының рөлін күшейтуді, сондай-ақ кәсіби спорт клубтарын, барлық спорт түрлерінің спортшыларын, спорт түрлері федерацияларындағы жаттықтырушылар мен төрешілерді тіркеу керектігін және олардың қызметін лицензиялауды қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.