Қарағандыда жаңа спорт кешені ашылады

8 Қыркүйек 2020, 23:05
1965
Бөлісу:
Қарағандыда жаңа спорт кешені ашылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қыркүйектің ортасында Қарағандының Оңтүстік-Шығыс ауданында аумағы 3,5 гектар болатын жаңа Athletics спорт паркі ашылады. Бұл туралы облыс әкімі хабарлады.

Мұнда турниктер мен тренажерлар орнатылып, үлкен скейтодром, балаларға арналған ойын және футбол алаңы салынды. Сондай-ақ серуендеуге арналған аймақтар мен веложолдар, аллеялар абаттандырылды. Сонымен қатар келесі көктемде мұнда субұрқақ іске қосылып, жасыл көгалдар мен жаңадан салынған көшеттер бой түзейді. Бұл бұқаралық спортты дамытуға бағытталып жасалып жатқан жобалардың бірі ғана. Биылғы жылы тағы 15 спорт алаңы, 15 хоккей корты, 10 «Street Workout» алаңы және жеті ірі спорт нысаны ашылады. Қарқаралы, Теміртау, Ұлытау ауданының Қарсақпай ауылдарында Дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, Жаңаарқа ауданының Атасу кентінде жабық жүзу бассейні, сондай-ақ Қарағанды қаласында Теннис орталығы мен Үстел теннисі орталығы, спорттық-сауықтыру кешені ашылады - деді облыс басшысы Жеңіс Қасымбек.

Мемлекет басшысы халыққа арнаған өз Жолдауында өскелең ұрпақтың спорттық әлеуетіне назар аудару қажеттілігін атап өткен болатын. Қазір облыста үш мыңнан астам спорт нысаны жұмыс істейді. Оның ішінде 44 спорт мектебі бар. Онда 30 мыңнан астам балалар мен жасөспірімдер спортпен шұғылданады.

Сонымен қатар келесі жылы Шахтинск және Жезқазған қалаларында бассейндері бар Дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін, Ұлытау ауданының Жезді кентінде және Бұқар жырау ауданының Ботақара кентінде Дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін, сондай-ақ Нұра кентінде бассейн және Қарағанды қаласында Қ.Байшолақов атындағы кешен мен Триатлон-парк, ипподром және Күрес орталығын ашуды жоспарлап отырмыз. Облысымыздың қалалары мен аудандарында аула клубтары желісінің тиісті деңгейде дамығандығын атап өткен орынды. 113 балалар мен жасөспірімдер клубы үлкен ауқымдағы тәрбие жұмыстарын жүргізуде - дейдіөңір басшысы.

Сондай-ақ мектептер мен колледждердің, жоғары оқу орындарының жанында үш мыңға жуық секция жұмыс істейді.

Қазіргі уақытта көшедегі спорт алаңдарының құрылысы қолға алынғаннан бері спорт нұсқаушыларын әзірлеу мәселесі туындады. Өткен жылы бұл жұмысқа 262 маман тартылды, оның ішінде ауылдық жерлерде 76 нұсқаушы жұмыс істейді. Жалпы алғанда, елімізде орын алған пандемия спорт әуесқойлары үшін кедергі бола алмады. Карантин кезінде біз спорттың 24 түрі бойынша 142 онлайн-жарыс өткіздік. Оның ішінде жалпы дене әзірлігі, отбасылық старттар мен турникте тартылу, бес асық және тағы басқа жарыстар бар. Сонымен қатар осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Қарағанды – Жаңаарқа бағыты бойынша 200 шақырымды жүгіріп өтіп, жартылай марафонды сәтті аяқтаған және ҚР Қарулы Күштері офицерлері арасында рекорд орнатқан Қарағанды гарнизонының әскери полиция бөлімінің офицері Заңғар Әлкеновті осы жетістігімен құттықтап, бұқаралық спортты насихаттауға қосқан үлесі үшін алғыс білдіргім келеді - дейді Жеңіс Қасымбек.
Өзгелердің жаңалығы