SpaceX компаниясы Nasdaq биржасына шыққаннан кейін бастапқы болжамнан шамамен 10 млрд долларға артық қаражат тартып, жалпы көлемі 85,7 млрд доллар болды.
ВВС-дің хабарлауынша, компанияның алғашқы орналастыруы (IPO) бастапқыда 75 млрд доллар деңгейінде жоспарланған еді. Алайда инвесторлар тарапынан жоғары сұранысқа байланысты банктер «гриншу» опционын толық пайдаланып, қосымша акциялар сатып алған.
Осы механизм арқылы SpaceX қосымша 10 млрд доллар тартуға мүмкіндік алды. Goldman Sachs, Bank of America және JPMorgan сияқты ірі қаржы институттары қосымша акцияларды нарыққа шығаруға қатысқан.
IPO нәтижесінде компанияның нарықтық бағасы шамамен 1,8 трлн долларға жетті. Сарапшылар бұл көрсеткіш SpaceX-ті әлемдегі ең қымбат технологиялық компаниялардың қатарына қосқанын айтады.
Акциялардың өсуі Илон Масктың жеке байлығына да тікелей әсер етіп, оны әлемдегі алғашқы триллионерлердің бірі ретінде көрсеткен.
Сонымен қатар сарапшылар SpaceX-тің жоғары бағалануы компанияға үлкен қысым түсіретінін, ал болашақтағы табыстылық нарықтағы бәсеке мен реттеуші талаптарға байланысты болатынын ескертеді.