Түркістан облысында браконьерлер ұсталды, деп хабарлайды BAQ.KZ ҚР ЭТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне сілтеме жасап.
2023 жылғы 24 қыркүйек күні сағат 20:30 шамасында «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК-ның Қызылорда өңірлік филиалының Шымкент тірек бекетінің инспекторлары, Түркістан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы қызметкерлерінің қатысуымен рейдтік іс-шара жүргізді.
Шара барысында Түркістан облысы, Созақ ауданы, Қыземшек ауылынан шамамен 70-80 шақырымда, солтүстік-шығыс бағытында орналасқан «Иінді» деп аталатын далалық жерде із кесу барысында, “Урал” мотокөлігін тізгіндеген 1982 жылғы жергілікті тұрғын мен Тасты ауылының 1991 жылғы тұрғыны ұсталды. Тексеру барысында ішкі құрылыстары алынған 7 бас жабайы аңның (болжам бойнша киік) өлі денелері және құжаты жоқ 12 калибрлі, қос ұңғылы аңшы мылтығы анықталып, тәркіленді. Аталған іс бойынша Түркістан облысы, Созақ аудандық полиция бөлімінде ҚР ҚК-нің 337 бабының 3 тармағымен қылмыстық іс қозғалды, - делінген комитет хабарламасында.