Оттегі тапшылығынан қайтыс болған адам туралы ақпарат жалған – Шыңғыс Мұқан

1 Қазан 2021, 14:09
2280
Бөлісу:
Оттегі тапшылығынан қайтыс болған адам туралы ақпарат жалған – Шыңғыс Мұқан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясы барысында Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан хабарлады. Cондай-ақ ол әлеуметтік желілерде таралған бұл ақпаратты зерттегенін алға тартты.

Тамыз айында әлеуметтік желілерде Шымкентте ковидтік стационардағы пациент оттегі жетпей қайтыс болғаны туралы ақпарат тараған болатын.

Бұл ақпарат әлеуметтік желілерде тарағанда осы мәселені қолға алдым. Ол мекеменің басшысы бүкіл Шымкентті оттегімен қамту үшін жауапты болатын. Сол уақытта бізде 25 инфекциялық стационар бар еді. Бұл ақпарат расталмады. Мен ол жерге арнайы бардым, бұрын да барған едім. Бұл стационар оттегімен толықтай қамтылған. Шымкентте оттегіні үш жерден алады. Өткен жылы біз 7 стационарға оттегі резервуарын орнаттық. Олардың сыйымдылығы 8 тоннаны құрайды, - деді мегаполис басшысының орынбасары.

Оның айтуынша, бір рет құйылған оттегі 7 күнге жететін көрінеді. Сондықтан желіде тараған оттегі тапшылығынан қайтыс болған адам туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Шымкенттегі стационарларда 50-ден 200-ге дейін оттегі нүктесі бар. Адам қайтыс болды делінген ауруханада 100-ден астам оттегінің нүктесі орналасқан. 

Егер оттегі таусылып қалған болса, бір адам ғана емес, оған қосылған жүздеген адам оттегісіз қалар еді деп отыр.

Еске сала кетейік, бұған дейін Шымкентте 200-ге жуық сыныптың карантинге жабылғаны туралы жазған болатынбыз.



Өзгелердің жаңалығы