СOVID-19: Ақмола облысында 930 млн теңгенің дәрі-дәрмегі сатып алынды

28 Шілде 2021, 16:36
2422
Бөлісу:
СOVID-19: Ақмола облысында 930 млн теңгенің дәрі-дәрмегі сатып алынды

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Өңірде коронавирус жұқтырғандарды емдеу үшін дәрі-дәрмек қоры жеткілікті. Осы мақсатқа 930 млн теңгеің қосымша 88 түрлі препарат сатып алынды.

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Сыздықов коронавирустық инфекция бойынша ағымдағы эпидемиологиялық ахуал туралы айтып берді.

Оның хабарлауынша, өңірде СOVID-19 вирусын жұқтырудың зертханалық расталған 27 589 дерегі тіркелген, оның 113-і өліммен аяқталған. Инфекциялық стационарларда 1 397 пациент ем алуда. Үй карантинінде науқаспен байланыста болған 4 784 адам медициналық бақылауда тұр.

Денсаулық сақтау министрлігінің жоспарына сәйкес өңірде 411 мың адамды егу қажет. Облыс бойынша бірінші компонентпен 206 099, екіншісімен – 122 778 адам егілді. Өңірде 140 егу пункті, 120 мобильді бригада және 11 жылжымалы медициналық кешен жұмыс істейді. 13,5 млн теңгеге авторефрижератор сатып алу көзделуде, - деп атап өтті Нариман Ермекұлы.

Ведомство басшысы облыстың медициналық ұйымдарында барлық қажетті жабдық, оның ішінде 447 ӨЖЖ аппараты, 203 портативті және 244 стационарлық жабдық бар екенін атап өтті. 2021 жылға медициналық ұйымдар 6,6 млрд теңгенің тегін дәрі-дәрмегіне тапсырыс беріп, қосымша қаржы бөлу бойынша жұмыс жүргізілуде. 2022 жылға 8,3 млрд теңге соманың дәрілік заттарына бюджеттік өтінім берілді.

КВИ-мен күрес аясында шілде айынан бастап 930 млн теңгеге қосымша 88 түрлі дәрі-дәрмек сатып алынды. Қазіргі уақытта медициналық ұйымдарда КВИ-ден емдеу үшін қажетті дәрілік заттардың қоры бар. Жалпы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойынша жағдай тұрақты, - деп ведомство басшысы.

Ол қаланың көптеген медициналық ұйымы өз мүмкіндіктерінің шегінде жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Егер ауру деңгейі жақын арада төмендемесе, кейбір ауруханада жоспарлы және шұғыл көмек тоқтатылады.

Көкшетау қалалық көпсалалы ауруханасының бас дәрігері Ерлан Аяғанов соңғы уақытта науқастардың контингенті едәуір жасарғанын айтады.

Вирус жұқтырғандар арасында жастар көп. Өкпенің зақымдану пайызы 40-50%-дан асады. Науқастарды емдеу қиынға соғуда. Қазір біздің стационарда 50 жүкті әйел емделуде, - деп атап өтті дәрігер.

Оның пайымынша, науқастар санының артуының себебі вирустың агрессивті екендігінде ғана емес, халықтың санитарлық нормаларды сақтамауында, яғни көбі бетперде кимейді және қашықтықты сақтамайды, бұқаралық іс-шараларға қатысады.

Инфекциялық орталықта науқастардың көптігіне байланысты қосымша 20 орын ашылды. Алғашқы жартыжылдықта орталыққа 5854 адам жүгінді, оның ішінде 2822 науқас ауруханаға жатқызылды, бұл шамамен 50%. Шілде айында пациенттердің өтініштері 30%-ға артты, бұл аурудың өсуін көрсетеді. Бүгінде инфекциялық стационарда 209 пациент ем алуда, оның ішінде 26-сы реанимацияда. Қазір вирус жұқтыру қаупі жоғары кезең. Ол өте агрессивті, қауіпті індетке шалдыққандарды емдеу де күрделі, әрі ұзақ уақытты талап етеді, - деп толықтырды аурухананың бас дәрігері.

Оның айтуынша, қалалық аурухана ұжымында медициналық қызметкерлердің 95%-ы – 385 қызметкердің 360-ы вакцинацияланды.

Вакцинация қазір КВИ-мен күресудің сенімді әдісі болып табылады. Біз вакцинаның пайдалы тұсын көрдік. Барлығы сәуір айында егілді, ал мамырдан бастап бүгінгі күнге дейін біздің медицина қызметкерлерінің арасында ауру тіркелген жоқ. Көршілес елдерде вакцинация туралы мәселе жоқ. Қазір олардың көбінде карантин алынып тасталды, кинотеатрлар, сауда орталықтары жұмыс істейді, адамдар жақындарына бара алады. Індетті жеңу үшін халықтың 60%-ы екпе алуы тиіс. Мен барша тұрғынды екпе алуға шақырамын!, - деп түйіндеді Ерлан Аяғанов.

Өзгелердің жаңалығы