Сотталушылар жылыжайда қияр өсіріп, нәпақа тауып жатыр

26 Сәуір 2023, 18:15
763
Бөлісу:
Сотталушылар жылыжайда қияр өсіріп, нәпақа тауып жатыр
Фото: Павлодар облысы бойынша ҚАЖ

Ертіс өңірінің сотталушылары жылыжайға жұмысқа орналасып, нәпақа табу мүмкіндігіне ие, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.

Қазіргі уақытта 12 жазасын өтеуші жылыжай комбинатына жұмысқа орналасты. Үш гектарлық аумақты алып жатқан кәсіпорында қияр өсіріліп, жергілікті сауда нүктелеріне жөнелтіледі. Ал сотталушылар көкөністі өсіру, күту, жинау және сұрыптаумен айналысады.

Жылыжай өкілдерінің айтуынша, жазасын өтеушілер жұмыстарына асқан жауапкершілікпен қарайды. Қиярды өсірудің қыр-сырын бірден меңгеріп алған. Бүгінде еңбектеріне деген ешқандай шағым жоқ.

Біз қиярдың «Мева» сұрыбын өсіреміз. Өнімділігі жоғары. Қазіргі уақытта өсімдіктің 73 мың түбі өсіп тұр. Оларды уақытында суару, арамшөптерден тазалау – оңай жұмыс емес. Дәрумендермен қамту керек. Оған қоса, температуралық режимді сақтау керекпіз. Жылыжайдағы температура +18-20 градусты құрайды. Әріптестерім жақсы жұмыс істейді. Тәртіптері де көңіл көншітерлік, - дейді жылыжай технологі Әсел Садықова.

Жылыжайдағы жұмысшылар «сотталған» немесе «сотты болмағандар» деп бөлінбейді. Барлығының мақсаты ортақ – сапалы өнім жинау.

Мен лауазымдық өкілеттілігімді асыра пайдаланғаным үшін істі болдым. 4,5 жылға бас бостандығымнан айырылдым. Павлодар облысына Алматы өңірінен келдім. Жазамның басым бөлігін өтеп шықтым. Енді жұмысқа тұрдым. Өсімдіктерді реттеп, көкөніс жинаумен айналысамын. Орташа есеппен 120 мың теңге жалақы алуым керек, - дейді сотталушы.

Бүгінде №44 мекемеде 300-ден астам азамат жазаларын өтеп жатса, 271-сі жұмыс істейді.

Түзеу мекемесінде қоғамға қауіп төндірмейтін сотталушылар тұрады. Оларды жұмысқа тұрғызбас бұрын денсаулық жағдайын, жасын, жынысын ескереміз. Бүгінде мекемеміз 23 ұйыммен серіктестік орнатқан. Ынтымақтастық аясында жазасын өтеушілер екі қолға бір күрек тауып жатыр, - дейді Павлодар облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі №44 мекемесінің бөлім бастығы Венера Сыздықова.

Мамандардың айтуынша, жұмысқа орналасып, нәпақа тапқандардың басым бөлігі алимент төлеушілер қатарынан.

Өзгелердің жаңалығы