Сотталған балалар Алғыс айту күні қарсаңында ата-аналарымен қауышты

27 Ақпан 2022, 12:31
1674
Бөлісу:
Сотталған балалар Алғыс айту күні қарсаңында ата-аналарымен қауышты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы қаласының ҚАЖ департаментіне қарасты ЛА-155/6 мекемесінде кәмелетке толмаған жазасын өтеуші жасөспірімдердің асыға күтетін іс-шараларының бірі «Ашық есік» күні. 

Бұл күні олар көптен көрмеген ата-аналарымен, жақын туыстарымен қауышып, қуанышқа бөленеді. Жуырда аталған балалар колониясында «Алғыс айту күні» қарсаңында «Ашық есік» күні өткізіліп, жасөспірімдер шаттыққа бөленді.

Сонымен қатар «Ашық есік» күніне Алматы қаласының Білім басқармасына қарасты «№6 Оқушылар үйі ЮНЕСКО клубының» директоры Зейнеп Аришева және ұлттық аспаптар мен домбыра үйірмесінің жетекші ұстазы Мерхат Акбимов бастаған өнерпаздар қатысып, мереке шырайын кіргізді.

Өз кезегінде балалар да айтулы күнге арнаған өнерлерін ортаға салып, бірі домбырадан күмбірлете күй төксе, бірі әуелете ән салды.

«Ашық есік» күнін құттықтау сөзбен ашқан мекеме  бастығы әділет подполковнигі Мирас Толубаев келушілерді кәмелетке толмаған жазалы балалардың колониядағы жағдайымен таныстырып, мерейлі мерекенің көңілді өтуіне атсалысқан қонақтарға алғыс білдірді.

Мереке кезінде әртүрлі қылмыс жасап, жазасын өтеп жүрген жасөспірімдер ата-аналары мен туғандарына шын көңілден алғыс айтып, мерекелік дастарханда бас қосты.

Өзгелердің жаңалығы