2025 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда азаматтық, қылмыстық және әкімшілік істер бойынша үш тәуелсіз кассациялық сот жұмысын бастады. Бұл – сот жүйесіндегі соңғы жылдардағы ең ауқымды реформалардың бірі. Жаңа модель бойынша енді заңды күшіне енген сот актілеріне берілген шағымдар алдын ала сүзгіден өтпей, міндетті түрде алқалы құрамда қаралады.
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соттың сот ісін жүргізуді қамтамасыз ету жөніндегі бөлім басшысы Нұргүл Махаштың айтуынша, сот реформасының басты мақсаты – азаматтардың әділ сотқа қолжетімділігін кеңейту, субъективті сүзгілерді жою және ел бойынша құқық қолдану тәжірибесінің бірізділігін қамтамасыз ету.
Жаңа кассациялық модельдің басты ерекшелігі қандай?
Бұған дейін азаматтық істер бойынша кассациялық шағымдарды қарауға жіберу-жібермеу мәселесін жекелеген судья шешетін. Енді бұл тәжірибе жойылды.
Жаңа тәртіпке сәйкес, заң талаптарына сай рәсімделген әрбір шағым кемінде үш судьядан тұратын алқада қаралады. Бұл модель құқықтық ортада «жаппай кассация» деп аталып жүр, - деп атап өтті Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соттың сот ісін жүргізуді қамтамасыз ету жөніндегі бөлім басшысы Нұргүл Махаш.
Яғни, енді шағымның тағдыры бір адамның шешіміне емес, алқалы талқылауға байланысты болады.
Кімдер және қашан жүгіне алады?
Жаңа тәртіп бойынша:
- шағым апелляциялық сатыдан өткен
- заңды күшіне енген сот актісіне беріледі;
- жүгіну мерзімі – 6 ай;
өтініш тікелей азаматтық істер жөніндегі кассациялық сотқа жолданады.
Маңыздысы – кассациялық саты енді міндетті құқықтық кезеңге айналды. Яғни бұл сатынан өтпей іс Жоғарғы Сотта ерекше тәртіппен қаралмайды.
Азаматтар мен бизнес үшін қандай пайдасы бар?
Жаңа институттың бірнеше маңызды артықшылығы бар.
- Институционалдық тәуелсіздік
Кассациялық соттар бірінші және апелляциялық сатылардан бөлек жұмыс істейді. Бұл ведомстволық ықпал тәуекелін төмендетеді.
- Құқық қолданудың бірізділігі
Бір заң нормасы Қазақстанның кез келген өңірінде бірдей түсіндірілуі керек. Бұл әсіресе бизнес, мүліктік және шарттық даулар үшін маңызды.
- Процессуалдық ашықтық
Отырыстар тараптардың қатысуымен өтеді. Бұл заңгерлер мен азаматтарға өз уәжін судьялар алқасына тікелей жеткізуге мүмкіндік береді.
Кассациялық сот нені қарайды?
Бұл сот істі қайтадан басынан қарамайды. Негізгі міндет – төменгі сатылардың заңды дұрыс қолданған-қолданбағанын тексеру.
Егер:
- процессуалдық өрескел бұзушылықтар болса – істі жаңа қарауға жібереді;
- мән-жай дұрыс анықталып, бірақ заң қате қолданылса – шешімді өзі өзгерте алады;
- заң талаптары сақталса – актіні күшінде қалдырады.
- Бұл дауды соңғы нүктеге дейін тезірек жеткізуге мүмкіндік береді.
Жоғарғы Соттың рөлі қалай өзгерді?
Реформадан кейін Жоғарғы Сот классикалық кассациялық инстанция рөлінен алыстап, сот тәжірибесінің біркелкілігін қамтамасыз ететін жоғары органға айналды.
Енді ол тек ерекше жағдайларда:
- Жоғарғы Сот судьясының бастамасымен
- Бас прокурор наразылығымен
- істерді қайта қарай алады.
Тәуелсіз кассациялық соттарды құру – Қазақстанның сот жүйесіндегі жай ғана құрылымдық өзгеріс емес, әділ сотқа қолжетімділікті арттыруға бағытталған нақты құқықтық серпіліс.
Жаңа модель азамат пен заң арасындағы соңғы субъективті тосқауылдарды алып тастап, әрбір шағымды ашық әрі міндетті алқалы қарау тетігін қалыптастырды.
Бұл – қоғамның әділ, ашық және болжамды сотқа деген сұранысына берілген нақты жауап.