Дональд Трамп әкімшілігі Ақ үйдегі жаңа бал залын салу жұмыстарын жалғастыра алады, деп хабарлайды BAQ.KZ Reuters агенттігіне сілтеме жасап.
АҚШ апелляциялық соты Ақ үйдің шығыс қанатының орнына құны шамамен 400 млн доллар болатын жаңа бал залын салу жұмыстарын уақытша жалғастыруға рұқсат берді.
Бұл жоба туралы Трамп алғаш рет 2025 жылы айтқан болатын. Ол шамамен 900 адамға арналған бал залын салуды жоспарлаған. Жобаны жүзеге асыру үшін Ақ үйдің шығыс қанаты бұзылған.
Бұл шешім қоғамда дау туғызды. АҚШ-тың Ұлттық тарихи мұраларды қорғау қоры президентке және бірқатар федералдық мекемелерге қарсы сотқа жүгінді. Ұйым өкілдері әкімшіліктің 1902 жылы салынған, ал 1942 жылы кеңейтілген тарихи ғимаратты бұзуға құқығы болмағанын айтып, құрылысты тоқтатуды талап етті.
2026 жылы федералдық судья Ричард Леон бұл уәждерді қолдап, Конгресс мақұлдамайынша құрылыс жұмыстарын тоқтату туралы шешім шығарған.
Алайда қазір бұл шешім уақытша күшін жойды. Апелляциялық сот тыйымды тоқтатып, 5 маусымға тыңдау белгіледі. Сол кезде құрылыс дауы толық қаралып, жұмысты жалғастыруға бола ма, жоқ па – нақты шешім қабылданады.
Трамп әкімшілігі бұл жобаның Ақ үйді жаңғыртуға және қауіпсіздігін күшейтуге бағытталғанын айтады. Сонымен қатар құрылыс жеке қаражат есебінен жүргізіліп жатқаны атап өтілді.