Сот алқабилердің қатысуымен қаралатын істер санатын кеңейтеді - депутат

9 Қараша 2022, 17:35
1333
Бөлісу:
Сот алқабилердің қатысуымен қаралатын істер санатын кеңейтеді - депутат

Бұл туралы бүгін өткен Мәжілістің жалпы отырысында депутат Берік Бекжанов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Айта кетерлігі, Мәжілісте «Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне сот алқабилердің қатысуымен қарайтын істер санаттарын кеңейту мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Осылайша, ендігі жерде  аса ауыр қылмыстармен қатар, ауыр және ауырлығы орташа қылмыстардың бір бөлігі  алқабилердің қатысуымен қаралу көзделіп отыр.   

Мемлекет Басшысы 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына жолдауында құқықтық мемлекеттің маңызды шарты – туралықтан танбайтын әділ сот төрелігінің болуы деген болатын. Қылмыстық істерді қарау кезінде сот жүйесіне сенімділікті арттыруға ықпал ететін институттардың бірі – алқабилер соты, яғни азаматтардың сотталушының кінәлі немесе кінәсіздігі туралы мәселені шешуге қатысуы, – деді депутат. 

Мәжілісменнің айтуынша, алқабилер соты – сот төрелігіндегі азаматтық қоғамның құрамдас бөлігі. Ол азаматтарға әділдікті жүзеге асыруға жол ашады және оны бақылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар қылмыстық сот ісін жүргізудің айыптау бейімділігін болдырмауға ықпал етеді.

Сондықтан заң жобасы сот төрелігін іске асыру рәсіміне азаматтық қоғамның қатысу аясын кеңейтуге, қоғамның құқықтық мәдениетін арттыруға, сот төрелігін іске асыру нәтижелерінен қанағаттану деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар депутат заң жобасы мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдар өкілдерінің, сондай-ақ заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті жанындағы Қоғамдық-сараптамалық кеңес заңгерлерінің қатысуымен өткен жұмыс топтарының отырысында жан-жақты қаралған. 

Сондай-ақ қаралып отырған заң жобасында аса ауыр қылмыстар бойынша ғана емес, алқабилердің соттылығына жататын қылмыстардың басқа да санаттары бойынша қылмыстар құрамының саны ұлғаяды. Мұндай істің саны 43 болады. Қолданысқа енгізу 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап көзделеді.

Заң жобасын қабылдау соттардың қызметін жетілдіруге, соттарға сенім деңгейін арттыруға, азаматтық қоғамның сот төрелігін іске асыру рәсіміне қатысуын жандандыруға, қоғамның құқықтық мәдениеті мен құқықтық санасын арттыруға, сот төрелігін іске асыру нәтижелеріне қанағаттану деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

Өзгелердің жаңалығы