Сорбұлақтағы тікұшақ апаты болған жерден бір адамның мәйіті табылды, деп хабарлайды BAQ.KZ Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.
Оқиға орын алған алғашқы сағаттардан бастап Қорғаныс министрлігінің басшылығымен тәулік бойы барлық қажетті күштер мен құралдарды жұмылдыра отырып, іздестіру-құтқару операциясы жүргізілуде.
Қорғаныс министрлігі, ТЖМ, ІІМ және басқа да ведомстволардың бірлескен жұмысы аясында, «Қазақстан Ғарыш Сапары» акционерлік қоғамының қолдауымен спутниктік деректерді пайдалана отырып, математикалық есептеулер жүргізілді. Бұл тікұшақтың ықтимал орналасқан аумағын анықтауға мүмкіндік берді.
Аталған ауданға жедел түрде іздеу топтары мен арнайы техника жөнелтілді. Су астындағы жұмыстар барысында ҚР Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері шамамен 14 метр тереңдікте әуе кемесінің ішінара сынықтары мен бір адамның мәйітін анықтады. Қазіргі уақытта сәйкестендіру процедурасы жүргізілуде, - деп атап өтті ведомстводан.
Іздеу жұмыстары су астындағы көрінудің нашарлығы мен лайлы тұнбалардың болуына байланысты күрделене түсуде, бұл сүңгуірлер мен инженерлік бөлімшелердің жұмысын айтарлықтай баяулатады. Қиын жағдайға қарамастан, жұмылдырылған барлық күштер операцияны мүмкіндігінше тез аяқтау үшін үйлесімді әрі мақсатты түрде әрекет етуде.
Еске салайық, бұған дейін ЕС-145 әскери тікұшағының жоғалып кетті.
26 шілде күні Алматыда жоғалған тікұшақтың бөлшектері табылды. Оны іздеу жұмыстарына операцияға 400-ге жуық адам, кейін тағы бес әскери бөлім жұмылдырылғаны да белгілі болды.
"Табылмаған тікұшақта жан жарым қалды" деп жоғалған тікұшақтағы жас ұшқыштың жары жұрттың жүрегін елжіретті.
Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов жоғалған Әуе қорғанысы күштерінің EC-145 тікұшағын іздеу жұмыстарының барысымен жеке танысты.
Жоғалған тікұшақ экипажын іздеу күрделі гидрографиялық жағдайларда тоқтаусыз жалғасып жатқаны жайлы да жаздық.
Ал Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында Төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев іздестіру жұмыстары қалай жүргізіліп жатқаны туралы айтты.