12 тамызда су асты іздестіру жұмыстары барысында экипаждың үшінші мүшесінің денесі табылды. Бұған дейін тікұшақта болған үш экипаж мүшесінің екеуінің денелері табылғаны жайлы мәлім болған еді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
10 тамызда экипаж командирі майор Нұржігіт Қайратұлы Үйсінбаевтың денесі табылып, анықталғанын естеріңізге саламыз.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, ол эскадрилья командирінің (армиялық авиация) тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары болды. 1-сыныпты ұшқыштың EC-145 тікұшағын басқаруда тәжірибесі айтарлықтай, жалпы ұшу уақыты – 930 сағат. Жоғары кәсіби дайындығымен, жауапкершілігімен, бастамашылдығымен және әскери борышына адалдығымен ерекшеленген ол әріптестері мен қолбасшылық арасында зор құрметке ие болатын.
Сорбұлақтағы тікұшақ апатынан қаза тапқан әскери Нұржігіт Үйсінбаевтың анасы "Ұлым аспанда қалықтап жүруді армандады" деп, баласы туралы естеліктерімен бөлісті.
11 тамыз күні іздеу топтары авиациялық эскадрилья авиациялық буынының борт технигі капитан Бақтияр Сәниоллаұлы Ержігітовтің денесін тапты. 1-сыныпты маманның EC-145 тікұшағын басқаруда тәжірибесі жеткілікті, жалпы ұшу уақыты – 300 сағат. Авиациялық бөлімдерде көп жылдық тәжірибе жинақтаған жоғары білікті маман, бейіндік дайындықтан өткен, - делінген хабарламада.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Павлодар облысында 32 жастағы майор Бахтияр Ержігітовті ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті.
12 тамыз күні экипаж командирінің көмекшісі капитан Аман Нұрланұлы Амангелдінің денесі табылды. Тәжірибелі ұшқыш, күрделі метеорологиялық жағдайларда бірнеше мәрте ұшып жаттыққан. Түрлі ауқымдағы жаттығулар мен операцияларға қатысқан. Жоғары орындаушылық тәртібімен және мінсіз қызметтік беделімен ерекшеленген. EC-145 тікұшағындағы ұшу уақыты – 295 сағат.

Еске салсақ, "Табылмаған тікұшақта жан жарым қалды" деп жоғалған тікұшақтағы жас ұшқыш Аман Амангелдінің жары жұрттың жүрегін елжіреткен еді.
Қаза тапқан ұшқыштардың үшеуі де Әуе қорғанысы күштері әскери институтының түлегі. Әріптестері марқұмдарды әрдайым көмекке дайын, қайырымды, әрі жанашыр азамат ретінде еске алады.
Акваторияны және оған іргелес аумақты зерттеу бойынша іздестіру шаралары жалғаса бермек. Осыған сәйкес тікұшақ бөліктерін анықтау және жағаға шығару жұмыстары жүргізіліп жатыр, - деп хабарлады Қорғаныс министрлігі.
Апаттың себептерін анықтау үшін тергеу амалдары жүргізілуде.
Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі мен Қарулы күштерінің басшылығы қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады, оларға барлық қажетті көмек көрсетілетін болады.
Еске салсақ, 25 шілде күні ҚР Қорғаныс министрлігінің Әуе күштеріне тиесілі EC-145 "Еурокоптер" әскери тікұшағы Жамбыл облысы, Отар ауылы маңында радардан жоғалып кеткен. Бортта үш экипаж мүшесі болған. Бұл тікұшақ шамамен 2020-2021 жылдары қару-жарақ қатарына алынған.
Іздеу жұмыстарына дрондар, эхолоттар және 13 жүзу құралы жұмылдырылды. Сорбұлақ көлінің акваториясы мұқият тексеру үшін секторларға бөлініп, қосымша техника мен қайықтар тартылды. Операцияға бірнеше өңірден әскери бөлімдер, ТЖМ және ІІМ күштері қатысты.
Жоғалған тікұшақ экипажын іздеу күрделі гидрографиялық жағдайларда тоқтаусыз жалғасқаны жайлы да жаздық.
9 тамыз күні Алматы облысындағы Сорбұлақ көлінде жүргізілген су астындағы іздеу барысында ҚР Қарулы күштерінің әскери қызметшілері шамамен 14 метр тереңдіктен тікұшақтың кейбір фрагменттерін және бір адамның денесін тапты. Ал 10 тамызда тікұшақ апатында қаза тапқан екінші әскеридің денесі табылды.