Соңғы қоңырау. Аймағамбетов түлектерге ерекше тілегін айтты

25 Мамыр 2022, 10:58
2100
Бөлісу:
Соңғы қоңырау. Аймағамбетов түлектерге ерекше тілегін айтты
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі.  Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов елордадағв №75 мектепте өткен «Соңғы қоңырау» салтанатты жиынына қатысты.

Салтанатта жиында білім басшысы түлектерге игі тілегін жеткізді.

Қымбатты түлектер! Құрметті ата-аналар, қонақтар, әріптестер! Бүгін елімізде 7,5 мың мектепте оқитын 3,6 млн оқушы үшін соңғы қоңырау соғылып оқу жылы аяқталып жатыр. Бұл күн әсіресе, мектеппен қоштасқалы отырған 171 мың түлек үшін ерекше маңызға ие, - деді бас ұстаз.

Ол биылғы мектеп түлектеріне ерекше құттықтауын жеткізгісі келетінін айтты.

Қымбатты достар, түлектер! Бүгін сіздер үшін ерекше күн. Сіздер алтын ұяларыңыз мектеппен қоштасқалы отырсыздар. Сіздердің алдыларыңызда жаңа өмір, жаңа бастамалар күтіп тұр. Сіздер ерекшесіздер. Өйткені пандемия жағдайында қашықтан оқыту форматында оқып, барлық сын-қатерлерге төтеп беріп, оларды жеңіп, шыңдалып, мектепті бітіргелі тұрсыздар. Сіздер «Жаңа Қазақстанның» түлегісіздер! Осы «Жаңа Қазақстанды» құру, елімізді дамыту сіздердің қолдарыңызда екенін ешқашан ұмытпаңыздар, - деді министр.

Соңғы қоңырау. Аймағамбетов түлектерге ерекше тілегін айтты

Асхат Аймағамбетов бүгінгі іс-шараға қарап, өзінің мектеп бітірген сәті есіне түсіп тұрғанын айтты.

Бүгінгі салтанатты жиынға қатысып, өзімнің сіздер сияқты мектеп бітірген уақытымды елестетіп тұрмын. Сол уақыттағы бойымдағы үміттер, қорқыныш. Оның бәрі әрине түсінікті. Себебі түлектердің алдында ҰБТ, қорытынды емтихандар, жаңа өмір, бастамалар күтіп тұр. Бірақ өз тәжірибем бойынша айта кетейін, қорқынышқа, үрейге бой алдырудың қажеті жоқ, - деді БҒМ басшысы соңғы қоңырауда оқушыларға.

Асхат Аймағамбетов іс-шара кезінде білім саласында атқарылып жатқан жұмыстар мен енгізіліп жатқан жаңашылдықтар туралы да айта кетті.

Өзгелердің жаңалығы