Соңғы қоңырау. Карантин, министрден үш кеңес, төбелес, кортеж

25 Мамыр 2021, 21:44
6696
Бөлісу:
Соңғы қоңырау. Карантин, министрден үш кеңес, төбелес, кортеж
VIDEO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 25 мамырда мектеп түлектері үшін соңғы қоңырау соғылды. Түлектердің мектеппен қоштасу салтанатты жиыны мектеп ауласында, кей аймақтарда онлайн өтті. 

Биылғы оқу жылы ұстаздар мен ата-аналарға, оқушылардың өздеріне де оңайға соқпағаны анық. 

Дегенмен жартылай офлайн, жартылай онлайн деп жүріп, бір жылды еңсеріп артқа тастадық.

2021 жылдың түлектері үлкен өмірге қадам басқалы тұр. 

25 мамыр несімен есте қалды екен, соған көз жүгіртіп көрсек. 

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің де түлектерге арнаған лебізі ерекше болды. 

Соңғы қоңырау. Карантин, министрден үш кеңес, төбелес, кортеж

Әлемдік білім біру жүйесі пандемия сынды үлкен сынақтан өтті. Біз мұғалімдермен бірлесе отырып білім беру жүйесіне жаңа дем беріп, оларға барынша қажетті жағдай жасауға тырыстық.Сіздер оқуларыңызды аяқтап жатырсыздар. Кейбір түлектер жоғары оқу орындарына немесе колледждерге түссе, енді біреулері жұмыс істейді. Қалай болса да, алдағы уақытта сіздерді жаңа мүмкіндіктер мен жаңа өмір белестері күтіп тұр, - деді министр.
Білім министрі түлектерге үш кеңес берді.

Біріншіден. Ешқашан қиындықтарға мойымаңыздар. Көздеген мақсатыңа жету жолында әлдебіреудің айтқанына ермей, тура жолдан таймау керек. Екіншіден. Қателесуден қорықпау керек. Қателік жасалса, өмір сонымен аяқталмайды. Барлық адам қателеседі. Үшіншіден. Басқаларға қарағанда ерекше болудан ұялмаңыздар. Ең бастысы өзіңізге адал болыңыз.

Кейбір оқушылар, көздеріне жас алып, ұстаздарына алғыс жаудырып, сыныптастарымен қимастықпен қоштасып жатса, Бейнеу ауылында мектеп бітірген түлектер төбелес шығарып жіберді.


Ақтөбеде мектеп түлектері кортежбен жүріп, бозбалалар көлік терезесінен шығып кеткен.  

Түлектер автокөлік терезелерінен шығып, жол қозғалысы ережелерін бұзуға жол берген. Автокөлік жүргізушілері анықталып, әкімшілік жауапқа тартылды. Түлектердің ата-аналары кәмелетке толмаған балалары үшін жауапты екенін ескертеміз және бүгін мектеп оқушыларын қадағалауды күшейтуге шақырамыз, - деп атап өтті ПД бастығы Атығай Арыстанов.


25 мамырда СҚО бойынша ҚАЖД ЕС-164/3,6 мекемелерінің түлектері үшін соңғы қоңырау соғылды.

Жазасын өтеушілер үшін мектепті бітіру іс жүзінде қарапайым мектептердегі іс-шаралардан ерекшеленбеді. ЕС-164/6 әйелдер колониясының сотталғандары концерт дайындады, қабырға газетін салды, мектеп альбомдарын жасады және ұстаздарға өз шығармаларының өлеңдерін арнады. 

Соңғы қоңырау. Карантин, министрден үш кеңес, төбелес, кортеж

Дәстүр бойынша, концерттік бөлім кезінде түлектер мектеп әндерін орындап, қоштасу диалогын сахналады, сондай-ақ 10-сынып оқушыларымен қоштасу вальсін биледі.

Менің тағдырым мен жоспарлағандай болмады. Қателік жібердім, бас бостандығынан айыру орындарына түстім. Тіпті мектепті бітірген жоқпын. Бірақ мекемеде мен мүмкіндік алдым. Одан әрі Петропавл кәсіптік колледжіне оқуға түсу жоспарда бар, - деді сотталғандардың бірі.
Елорда әкімі Алтай Көлгінов мектеп түлектеріне сәттілік тіледі. 
Құрметті түлектер, бүгін – соңғы қоңырау, сіздердің және ата-аналарыңыздың өміріндегі ұмытылмас әрі әсерлі күндердің бірі. Ересек өмірге аяқ аттағалы отырсыздар. Өміріңізде жаңа, жауапты кезең басталмақ. Осы жылдар ішінде мектеп қабырғасында мұғалімдердің қажырлы еңбегінің арқасында білім алдыңыздар, олимпиадаларға қатыстыңыздар, жүлделі орындарға ие болдыңыздар, жаңа достар таптыңыздар. Бір сөзбен айтқанда, тұлға ретінде қалыптасып, өстіңіздер!  Алдағы уақытта сіздерді студенттік шақ, жаңа білім әлемі мен жаңа әсерлер күтуде, - деді елорда әкімі. 
ШҚО әкімі Даниал Ахметов ұстаздар мен ата-аналарға алғысын жеткізді.

Ерекше алғысымды ұстаздар мен ата-аналарға білдіремін! Ешкімге оңай тимеген осы кезеңде балаларымызға көрсеткен қолдауымыз, танытқан түсіністігіміз, білдірген сеніміміз олардың жігер-қайратын мықтап, болашағының берік іргетасын қалайды. Оқу жылының аяқталуымен тағы бір мәрте құттықтаймын, - деді ол.
Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова жас түлектерге сәттілік тілеп, ұстаздар мен ата-аналарға алғысын айтты.  
Міне, бүгін он бір жыл білім берген алтын ұя – мектеп табалдырығынан үлкен өмірге қадам басасыздар. Алдарыңызда сан тараулы жол жатыр. Соның ішінен өз жолдарыңызды тауып, тәуелсіз еліміздің білікті де білімді азаматы болыңыздар! Пандемия жағдайына қарамастан ұстаздармен жан-жақты қарым-қатынас орнатып, лайықты білім алдыңыздар. Онлайн режимінде болса да, түрлі деңгейдегі білім, танымдық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болдыңыздар. Ата-аналарыңыз демеп, ұстаздарыңыз қолдады. Білімге деген құштарлықты жоғалтпай, алға қарай қадам басып келесіздер! Енді міне, асқақ армандарыңызға қол жеткізу жолында тұрсыздар. Ата-аналарыңыздың үміті мен ұстаздарыңыздың сенімін ақтап, өздеріңіз таңдаған сүйікті мамандықтарыңыздың иесі болыңыздар! Сіздердей шәкірттерді жаңа заманға лайықты білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие берген ұстаздарыңызға шексіз ризашылығымды білдіремін! Жолдарыңыз ашық, қадамдарыңыз нық болсын, қадірлі түлектер, - деп жазды өңір басшысы.


Өзгелердің жаңалығы