Қазақстанда халықты оңтүстіктен солтүстік аймақтарға көшіру бағдарламасына қызығушылық айтарлықтай артқан. BAQ.KZ тілшісінің арнайы сауалына жауап берген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты Көші-қон комитеті 2026 жылдың басынан бері солтүстік өңірлерге көшкендердің саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда бірнеше есе өскенін айтты.
Министрлік ұсынған дерекке сәйкес, 2026 жылғы 1 қаңтардан бүгінгі күнге дейін жұмыс күші артық өңірлерден солтүстік аймақтарға 2 284 адам қоныс аударған. Бұл көші-қон негізінен Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Алматы облыстары және Шымкент қаласынан жүзеге асып отыр.
Ал қоныс аударушыларды қабылдайтын өңірлер қатарында Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Ақмола, Шығыс Қазақстан және Абай облыстары бар. Бұл аймақтарда еңбек ресурстарына сұраныс жоғары болғандықтан, мемлекет тұрғындарды көшіру арқылы еңбек нарығындағы теңгерімді қалыптастыруды көздейді.
Солтүстік өңірлерде қандай мамандарға сұраныс жоғары?
Қазіргі уақытта солтүстік аймақтарда бірқатар салада кадр тапшылығы байқалады. Ең сұранысқа ие мамандықтар қатарында: құрылысшылар мен техникалық жұмысшылар, дәрігерлер, мейіргерлер, фельдшерлер, мұғалімдер мен психологтар, әлеуметтік қызметкерлер, агрономдар, ауыл шаруашылығы және азық-түлік өндірісі саласының мамандары бар.
Министрлік мәліметінше, аталған бағдарлама еңбек нарығындағы теңгерімді қамтамасыз етуге және өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер етуде.
Көшіп барғандардың басым бөлігі сол жерде қалады
Бағдарлама нәтижесі тұрақтылық тұрғысынан да оң көрсеткіш көрсетіп отыр.
Мәселен, 2025 жылы солтүстік өңірлерге қоныстанған 7 605 адамның тек 160-ы ғана қайта көшіп кеткен. Бұл жалпы көрсеткіштің 2 пайызына ғана тең, - деп мәлімдеді министрлік.
Яғни көшіп барған азаматтардың басым бөлігі жаңа өңірде тұрақтап қалып, еңбек етуге ниетті.
Қанша адам жұмыспен қамтылды?
Көші-қон комитетінің мәліметіне сүйенсек, 2026 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша қоныс аударушылардың ішінде 424 адам еңбекке қабілетті азамат болып отыр.
Олардың ішінде 112 адам тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды, - дейді министрлік.
Көші-қон квотасының төрттен бірі игерілді
Биыл қоныс аударушылар мен қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасы 8 278 адамды құрады.
2026 жылғы 4 наурыздағы жағдай бойынша 2 284 адам қоныс аударды. Осылайша белгіленген квотаның 27,5 пайызы игерілді, - делінген хабарламада.
Өткен жылмен салыстырғанда өсім айқын
Министрлік дерегі бойынша, биылғы көрсеткіштер өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда айтарлықтай жоғары.
Мәселен 2025 жылдың осы уақытында бағдарламаға небәрі 461 адам қатысқан. Ал биылғы көрсеткіш шамамен бес есеге артқан. Бұл ерікті қоныс аудару бағдарламасына деген қызығушылықтың артқанын аңғартады.
Қоныс аударушыларға қандай қолдау көрсетіледі?
Мемлекет жаңа өңірге көшіп барған азаматтарға бірнеше бағытта әлеуметтік қолдау ұсынады.
Атап айтқанда, көшу шығындарын өтеу үшін отбасының әрбір мүшесіне 70 айлық есептік көрсеткіш көлемінде бір реттік субсидия беріледі.
Сонымен қатар тұрғын үй жалдау және коммуналдық төлемдерді өтеуге арналған субсидия қарастырылған. Бұл төлемдер 12 айға дейін төленеді және отбасы мүшелерінің санына байланысты есептеледі.
Мысалы: қалаға көшкен бір адамға – 20 АЕК, екі-төрт адамнан тұратын отбасыға – 25 АЕК, бес және одан көп адамға – 30 АЕК төленеді.
Ал ауылдық жерлерге қоныс аударғандарға: бір адамға – 15 АЕК, екі-төрт адамға – 18 АЕК, бес және одан көп адамға – 21 АЕК көлемінде субсидия қарастырылған.
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап бағдарлама аясындағы негізгі қолдау құралдарының бірі - экономикалық мобильділік сертификатының көлемі ұлғайтылды.
Бұған дейін оның мөлшері 1 160 АЕК (шамамен 5 млн теңге) болса, енді 1 625 АЕК-ке дейін, яғни шамамен 7 млн теңгеге дейін артып отыр,- дейді министрлік.
Бұл қаражат ауылдық елді мекендерде немесе аудандық маңызы бар қалаларда тұрғын үй сатып алу кезінде ипотекалық несиенің бастапқы жарнасы ретінде пайдаланылуы мүмкін.
Біз бұған дейін ел солтүстігіне қоныс аударушыларға қандай мүмкіндіктер бар екені жайында жазған едік.