Солтүстік Қазақстан облысының екі ірі су қоймасы 100%-ға толды

10 Сәуір 2024, 19:19
332
Бөлісу:
Солтүстік Қазақстан облысының екі ірі су қоймасы 100%-ға толды
Фото: Видеодан скрин

Су ресурстары және ирригация министрлігі еліміздің су қоймаларындағы жағдай туралы хабардар етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қостанай облысында су тасқынының белсенді кезеңі аяқталды. Су қоймаларына су ағынының төмендегені байқалады. Ал екі ірі су қоймасының орташа толуы 92%. Бүгінгі таңда су қоймаларында 489 млн текше метр су жиналды. Бұл су ауылшаруашылық қажеттіліктеріне пайдаланылады. Ақтөбе облысында екі ірі су қоймасы 98%-ға толы. Аймақта су тасқыны аяқталып, жағдай тұрақталды. Су тасқыны кезінде су қоймаларына 218 млн текше метрден астам су жиналды. Алдағы уақытта жиналған су ауылшаруашылық қажеттіліктері үшін пайдаланылады, - деді ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева Республикалық ақпараттық штабта өткен брифингте.

Қарағанды облысында да осыған ұқсас жағдай қалыптасқан, су тасқыны кезінде су қоймаларына 192 млн текше метр су жиналды. 

Солтүстік Қазақстан облысының екі ірі су қоймасы 100%-ға толды. Сергеев су қоймасы бойынша су тасқынының белсенді кезеңі әлі өткен жоқ, тұрақты күрделі жағдай сақталады. Қазсушар мамандары ағынды реттеу бойынша тәулік бойы жұмыс жүргізіп жатыр.

Батыс Қазақстан облысында 4 ірі су қоймасы орта есеппен 68%-ға толды. Жайық өзенінде су тасқынының екінші толқыны күтілуде.

Шығыс Қазақстан облысында үш ірі су қоймасының орташа су жинау көрсеткіші 84,6%. Бұқтырма және Шүлбі су қоймаларына судың ағыны артып келеді. Осы аптада су тасқыны күтілуде.  

Ақмола облысының екі ірі су қоймасының орташа су жинау көрсеткіші 99%, екі нысан да транзиттік режимде жұмыс істеп жатыр. Мұнда су тасқынының белсенді кезеңі жалғасуда, сағат сайын мониторинг жүргізіледі.

Өзгелердің жаңалығы