Солтүстік өңірлерде астық сапасы төмендеп кетті

19 Қыркүйек 2023, 13:23
553
Бөлісу:
Солтүстік өңірлерде астық сапасы төмендеп кетті
Фото: BAQ.KZ - архив

Тамыз айында апталап жауған жауын шаруаларды әбден тығырыққа тіреді, деп хабарлайды BAQ.KZ «Хабар 24»-ке сілтеме жасап. 

Шамадан тыс ылғалдың салдарынан арпа-бидайдың сапасы күрт төмендеп кетті. Осыған байланысты Президент солтүстік өңірлерде астық өндірумен айналысатын шаруаларға қаржылай және өзге де қажетті көмек көрсетуді тапсырды. Ризығын жерден табатын диқандардың бүгінгі жағдайы қалай? Солтүстіказақстандық шаруа Ақан Барлыбаев қазір күні-түні қырман басында. Себебі алжаздай баптаған егінін жинап алуы керек. Соңғы аптада өңірде күн райы диқандар үшін қолайлы болып тұр. Бүгінде аймақта бидайдың 53% жиналды. 

Астық берекелілігі орта есеппен гектарынан 10,5 центнерден айналып жатыр. Бірақ сапасы жылдағыдан төмен. Қазір күзгі дала жұмыстарына мониторинг жүргізетін арнайы жұмыс тобы құрылды. 

Өткен жылы бұл кезде науқанды аяқтаған едік. Биыл тоқтаусыз жауған жауынның салдарынан жұмысымыз тұралап, астықтың сапасы да нашарлады. Қазір әсіресе тамыз айында егінді дестеге жыққан шаруалардың жағдайы қиын. Олар шығынға батып жатыр, - дейді шаруа Ақан Барлыбаев.

Қостанай облысында жағдай тіптен қиын. Диқандар әлі күнге дейін егінге орақ сала алмай отыр. Себебі алқаптар құрғамаған. Аймақта астықтың үштен бірі бүлінді. Ал кей аудандардағы бидай тек мал азығына ғана жарамды болып қалған. 

Қазір жаңбырдың кесірінен бидайдың ақуызы төмендеп кетті. Сәйкесінше 4-5 класты астық жинасақ, оған ертең сұраныс та, баға да болмайды, - дейді шаруа Александр Бородин.

Ал Ақмола облысында күзгі орақ науқаны қайта жанданды. Қазіргі уақытта егіс алқаптарының 1 млн 200 мың гектары алынды. Тиісті сала мамандарының айтуынша, шығынға ұшыраған шаруаларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. Үкіметтен қосымша 20 мың тонна дизель отыны бөлінеді. 

Күн осылай тұратын болса, күнделікті норма – 150 мың гектар. Сол 150 мың гектарға жетеміз деген ойдамыз. Енді сапасы жағы төмендеу. Қазір барлық ауыл шаруашылық кешендері осы күнді пайдаланып, барлық егінді жинап алуға білек сыбана кірісіп отыр. Қазір өнімділігі гектарына 5,6 центнерден шығып жатыр. Осыны ұстап тұра алсақ, жақсы болады деген ойдамыз, - дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Еркеш Әленов.

Астық уақытылы жиналмаса, шаруалар қарызға белшеден батады. Ал оның әлеуметтік зардабы тағы бар.

Өзгелердің жаңалығы