Солтүстік Корея бірнеше баллистикалық зымыранды Шығыс / Жапон теңізі бағытына қарай ұшырды, деп хабарлайды BAQ.KZ NBC News-ке сілтеме жасап.
Оңтүстік Корея Біріккен штаб бастықтары комитетінің мәліметінше, ұшырылымдар КХДР-дың шығыс жағалауындағы Синпо ауданынан таңертең жасалған. Сеулде бақылау күшейтіліп, АҚШ және Жапониямен ақпарат алмасу жүргізіліп жатқаны айтылды.
Оңтүстік Корея президенті әкімшілігі Ұлттық қауіпсіздік кеңесі жағдайды талқылау үшін шұғыл отырыс өткізетінін хабарлады.
Жапония Қорғаныс министрлігі де зымыран ұшырылғанын растады. Олардың дерегінше, зымырандар Солтүстік Кореяның шығыс жағалауына жақын су айдынына құлаған болуы мүмкін.
Токио Пхеньянға қатаң наразылық білдіріп, мұндай әрекеттер аймақтық және халықаралық қауіпсіздікке қатер төндіретінін және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің КХДР-ға баллистикалық зымыран сынақтарын жасауға тыйым салатын қарарларын бұзатынын мәлімдеді.
Бұған дейін Солтүстік Корея ел басшысы Ким Чен Ын әскери кемеден зымыран сынақтарын тікелей басқарғанын хабарлаған болатын. Сынақ қорытындысы бойынша ол елдің ядролық әлеуетін «шексіз күшейту» бағытын жалғастыратынын айтып, ядролық соққы беру және жедел әрекет ету мүмкіндіктерін арттыруды тапсырған.