Солтүстік Қазақстанда 2,2 млн гектар егістік алқап цифрландырылды

25 Сәуір 2021, 18:43
3510
Бөлісу:
Солтүстік Қазақстанда 2,2 млн гектар егістік алқап цифрландырылды

Солтүстік Қазақстан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл өңірдегі 165 шаруашылыққа тиесілі аумақ.

Танаптарды космос арқылы зондтаудың бір қажеттілігі, игерілмей жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді айналымға қосу, қадағалауды күшейту үшін жер иелерімен келісімшарттарды бұзудың таптырмас тетігі дейді мамандар. Өйткені бүгінгі таңда жер телімдерін қолдану үрдісі барысында автоматты деңгейде жасалуы заң бұзушылықтың азайғаны байқалды. Кемшіліктер қайталанған жағдайда жер учаскелері сот арқылы мемлекет меншігіне өтеді. Дәлдігі жоғары ауыл шаруашылығы алқаптарының цифрлы картасын әзірлеудің, электронды нұсқаларын енгізудің маңызы зор екенін жерді пайдаланушылар да жақсы түсініп отыр. Өйткені алқап өңдеу деңгейі, тұқым мен тыңайтқыштың уақтылы себілуі, арамшөптерге қарсы күрес жүргізілуі секілді жұмыстар ғарыш арқылы бақыланады.

Цифрландыру – сән қуалау емес, еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттырудағы негізгі құрал. Қазір барлық ел толықтай цифрландыруға көшіп, ақпараттық технологиялар нарығына енуді өзіне мақсат тұтады. Бүгінде баяғыдай ғарыш индустриясында NASA ғарыш агенттігінің ғана жетістіктері сөз етілмейді, олардан жекеменшік компаниялар да қалыспай, әр саланың қозғаушы күші бола алатын озық технология платформасын құруға қызығушылық танытып жатқаны айтылуда. Жерді космостан қадағалаудың маңызы орасан. 2017 жылы Үкіметтің цифрландыру туралы шешімі шыққалы жерді қашықтан бақылауға мүмкіндік беретін жаңа процестер біртіндеп енгізіле бастады. Соңғы жылдары ауыл шаруашылығы саласын ғарыштық мониторинг арқылы бақылауды ұтымды пайдаланудамыз, - дейді Солтүстік Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы талдау, жинақтау және жоспарлау бөлімінің жетекшісі Назгүл Бекмағанбетова.  

Аграрлық салада – «дәл егіншілік» деген ұғым бар. Бұған бәрі кіреді, яғни, «ақылды суару», минералды тыңайтқыштарды сіңіру, арамшөптер және зиянкестермен күрестің ғылыми жүйелері, егін себу мен оны орудың ең оңтайлы уақытын болжау. Ал бұны жүзеге асыру үшін алдымен технология, сосын технологияға негізделген техника қажет. Ең бастысы ғылыми жетістіктерді ұтымды пайдалану білу дейді мамандар.

Сыртқы нарыққа шығаратын өнімдердің сапасы мен бағасы, бір сөзбен айтқанда бәсекеге қабілеттілігі заманауи технологияларды қалай игергенімізге тікелей байланысты. Цифрландыру – мол өнімнің өзегі дейтіні де содан шығады. Қазір біздің облыста жайылым мен шабындық жерлері өте өзекті. Бұл проблеманы шешудің бір ғана жолы бар, яғни, мал бағылатын жерлерді бақылау жүйесін жетілдіру, дамыту. Ол үшін ол жерлерді цифрландыру керек. Сонда ғана ақпараттық жүйенің деректер базасына тіркеліп, көктен қадағаланатын болады. Бұл ең бастысы жерді тозудан, эрозияға ұшыраудан қорғау үшін керек, - дейді Назгүл Бекмағанбетова.

Ауыл шаруашылығы саласындағы цифрландыру жобасы мал шаруашылығында кеңінен қолданылып келеді. Мысалға былтыр Солтүстік Қазақстан облысында 5 «Цифрлы ферма» болса, биыл олардың саны 12-ге жетті. Жыл соңына дейін тағы 10-ы іске қосылады деп жоспарлануда. Бұл жүйенің ерекшелігі шаруашылықтарда жұмыстардың басым бөлігі автоматтандырылған. Әр сиырдан қанша сүт алынатыны, қанша су ішіп, қанша жем жегені дейін білуге болады. Осы арқылы малдың бойындағы ауруды да ерте кезден анықтап, емдеуге мүмкіндік береді. 

Бір сөзбен айтқанда аграрлық саладағы ақылды технологиялар- болашақтың кепілі ғана емес, бүгінгінің басты талабы.

Өзгелердің жаңалығы