Солтүстік Қазақстан облысында 79 елді мекенді су басуы мүмкін

16 Ақпан 2021, 09:21
1462
Бөлісу:
Солтүстік Қазақстан облысында 79 елді мекенді су басуы мүмкін

Солтүстік Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Облыстық ТЖД мамандарының айтуынша биыл да облысқа су тасқыны қаупі төніп тұр. Себебі күзгі ылғал қоры нормадан 42% артық. Қыста қар да қалыпты мөлшерде түсті. 

Аяздың салдарынан жер қабаты 60-тан 150 см-ге дейін қатқан. Сондықтан күн жылыған кезде еріген қар суы жерге сіңбей қалуы мүмкін. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметі өткізген брифинг барысында СҚО ТЖД бөлім бастығы Сәкен Ағзамов мәлімдеді.

Наурыз айының екінші бөлігінде қар ери бастайды. Салдарынан Ақан-Бұрлық, Жембарақ, Иман-Бұрлық және Бабық-Бұрлық өзендерінің су деңгейі көтерілмек. Мұнымен қоса, күннің күрт жылынуынан көлдер де арналарынан асады. 2021-2023 жылдарды қамтыған көктемгі су тасқынының алдын алу және оның салдарын жоюға арналған жол картасы қабылданды. Оның барысында 23,6 миллиард теңгеге 10 іс-шара іске асырылады, - деді СҚО ТЖД бөлім бастығы Сәкен Ағзамов.

Биыл өңірдегі 80-ге тарта елді мекенді су басуы ықтимал. Онда 6 мыңнан астам адам тұрады. Сондықтан құқық қорғау органдарынан табиғи апаттың алдын алу үшін 500-ге жуық адам әзір. Сондай-ақ, 155 техника, 8 жүзу құралы мен 80-нен астам мотопомпа дайындалған.

Егер жағдай ушығып кетсе көмекке жергілікті атқарушы органнан қосымша 2 мыңға жуық адам келеді. Бұдан бөлек, 1400-ден астам техника, 190 тонна жанар-жағармай, 32,6 тонна инертті материал мен 28 мыңға жуық қап дайындалды, - деді СҚО ТЖД бөлім бастығы Сәкен Ағзамов.  

Бүгінгі күні өңірдегі елді мекендерден 472 мың текше метр қар сыртқа шығарылған. Бұл да болса, көктемде су басу қаупін біршама сейілтеді. Жалпы, соңғы жылдары жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде 160 елді мекен су тасқынынан аман қалған.

 

 


Өзгелердің жаңалығы