Солтүстік Аралға жыл басынан шамамен 2 млрд текше метр су жіберілді

18 Қыркүйек 2024, 21:06
360
Бөлісу:
Солтүстік Аралға жыл басынан шамамен 2 млрд текше метр су жіберілді
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

2024 жылдың басынан Солтүстік Арал теңізіне 1,9 млрд текше метр су жіберілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Осылайша, бүгінде Солтүстік Аралдағы жалпы су көлемі 22 млрд текше метрге жетті.

Бұл туралы бүгін Халықаралық Аралды құтқару Қоры Басқармасының отырысында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов мәлімдеді. Айта кетейік, отырыс Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан және Қырғызстаннан келген делегациялардың қатысуымен өтіп жатыр.

Өздеріңіз білетіндей, бүгінгі таңда Президентіміз Халықаралық Аралды құтқару Қорының басшысы болып сайланды. Қордың төрағасы ретінде біздің елімізге үлкен жауапкершілік жүктелген және біз Орталық Азияның басқа мемлекеттерімен тығыз қарым-қатынаста боламыз. Бірлесіп Арал теңізін сақтау бойынша елеулі нәтижелерге қол жеткіздік және осы бағыттағы жұмысты әрі қарай жалғастыруға ниеттіміз. Биыл Солтүстік Аралға тұрақты түрде су келеді. Суару кезеңінің ортасында Сырдария өзені арқылы теңізге секундына 80 текше метрге дейін су жіберілді. Салыстырмалы түрде, бір жыл бұрын секундына 6 текше метр ғана барған болатын. Соңғы жылдары Солтүстік Аралда су көлемі төмендеді, бірақ 2024 жылдың басынан су деңгейі қайта көтеріле бастады және бүгінде 22 млрд текше метрге жетті. Солтүстік Аралда су көлемінің одан әрі ұлғаюын қамтамасыз ету үшін біз су дипломатиясын күшейтіп, Солтүстік Арал теңізін қалпына келтіру жөніндегі жобаның екінші кезеңін әзірлеп жатырмыз,– деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Сонымен қатар, қатысушылар Қазақстанның 2024-2026 жылдары ХАҚҚ төрағалық ету кезеңіне арналған Атқару комитетінің жұмыс жоспарын бекітті.

Құжат құрылтайшы мемлекеттердің басшылары мен ХАҚҚ Президентінің тапсырмаларын іске асыру, Қордың ұйымдық құрылымы мен шарттық-құқықтық базасын жетілдіру және т.б. мәселелер бойынша 10 бағыттан және 40-тан астам іс-шарадан тұрады. Естеріңізге сала кетейік, Астанада Қазақстанның төрағалығымен Халықаралық Аралды құтқару Қоры Басқармасының бірінші отырысы өтті.

Жиынға ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев, ХАҚҚ Атқару комитетінің төрағасы Асхат Оразбай, Тәжікстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Сулаймон Зиёзода, Түрікменстан Министрлер Кабинеті Төрағасының орынбасары Тангрыкули Атахаллыев, Өзбекстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Шухрат Ганиев қатысты.

Айта кетейік, Сырдария өзені ағынының 75%–ы Қырғызстанда, 20%–ы Өзбекстанда және 5%-ы Қазақстанда қалыптасады.

Өзгелердің жаңалығы