Соловьевтің улы сілекейінен елімізге тікелей қатер төндіру анық байқалып отыр - Мұхтар Құл-Мұхаммед

24 Қараша 2022, 10:26
7715
Бөлісу:
Соловьевтің улы сілекейінен елімізге тікелей қатер төндіру анық байқалып отыр - Мұхтар Құл-Мұхаммед

Бұл туралы Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Ресейдің телеарнасында сұмырай Соловьев жүргізген бағдарламадағы ресейлік сарапшылардың сөздеріне Сенатта түсініктеме берді.

Соловьев әлемнің көптеген елінде бұрыннан нон-грат алған адам болатын және қазір бүкіл жердегі санкциялық қара тізімдерде көш бастап келеді. Сондықтан ыза-кектің буынан ол елдің бәріне жармасып улы сілекейін шашып жүр. Бұрын «Россия-1»  арнасында ол Алматыға бомбаларды «тастап жіберу» туралы да айтқан болатын. Бағдарламаның қонағы – Мемлекеттік Думаның депутаты Онищенко да одан қатты шошынып қалған еді. Баршаға деген жек көрушілік кесірінен ол көбінесе өзеуреп, өзі сөйлейді және бағдарламаның меймандарын жанжал мен арандатуға итермелейді. Оның бәрі тікелей эфирде және есуас кейпінде болады, - деп атап өтті комитет басшысы. 

Айтуынша, ресейлік саясаттанушының айтқан сөзінен елге қатер төндіру байқалады.

Ресейлік саясаттанушы Дробницкийдің «келесі мәселе Қазақстан болуы мүмкін. Өйткені ұлтшылдық үрдістері сол жерде де басталуы ықтимал» деген сөзінен біздің елімізге тікелей қатер төндіру анық байқалып отыр. Егер ол Еуразиялық экономикалық одақ пен ҰҚШҰ-да бізбен бірге тұрған өзімізге дос Ресейдің мемлекеттік арнасының эфирінде көрсетілмесе, дүдәмал сарапшы-фантаст Дробницкий-Жуковтың пікіріне назар аудармас едік. Ресейлік саясаткерлердің осындай екпінді, мақсатты шабуылдары Соловьевтің шоуында бұрыннан жүйелі түрде жалғасып келе жатқандықтан, олар Ресей Федерациясының федералды билігі тарапынан объективті жауапқа лайық. Қазақстан 30 жылдан астам уақыт бойы тәуелсіз мемлекет болып келеді. Соловьев пен сол секілді саясаткерлер шынайы шындықты түсініп, жаңа геосаяси ақиқатпен санасуды үйренетін уақыт келді, - деді Мұхтар Құл-Мұхаммед. 

Өзгелердің жаңалығы