Содырларға қарсы операцияда бейбіт тұрғындар да оққа ұшты – Берік Әбдіғалиұлы

14 Қаңтар 2022, 22:39
1284
Бөлісу:
Содырларға қарсы операцияда бейбіт тұрғындар да оққа ұшты – Берік Әбдіғалиұлы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 

2022 жыл Қазақстанда газ бағасының өсуі мен  әлеуметтік-экономикалық жағдайдың  ауырлығына қарсы халық  наразылығына ұласқан күрделі ахуалдың туындауымен басталды.

Осы күрделі жағдайды пайдаланып, алпауыт топтар мемлекеттік төңкеріс жасау мақсатымен билікпен диалог орнатуға тырысқан бейбіт митингілерді әуелі басбұзарлыққа арандатты, кейін тонау, ұрып-соғу, соңы атыс-шабысқа қасақана айналдырды. Соның кесірінен содырлардың қанды колынан тәртіп сақшылары мен әскери күш сарбаздары ғана емес, бейбіт шерушілер де жапа шекті, кейіннен содырларға қарсы операцияларды орындау  барысында да бейбіт тұрғындар оққа ұшып, адам өліп, жарақат алған жайттар орын алды. Сонымен бірге бейбіт митингіге қатысқан азаматтардарың істі болып жатқаны туралы да ақпарат ел ішін алаңдатып отыр, – деді Берік Әбдіғалиұлы.

Сонымен қатар Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы осы мәлімдемесі арқылы нағыз бүлікшіл мен басбұзар, тонаушы мен лаңкесті анықтау және оларды әділетті жазалау, ал митингіге шыққан, азаматтық белсенділік көрсеткен қарапайым халық өкілідерін заңсыз қудалауға жол бермеуге шақырады.

Қанша жанды құрбан қылған, қанша жылғы игілікті бір сәтте құртып-жойып, елді жойқын шығынға ұшыратқан бұл дүрбелеңнің басты себебі халық пен билік арасының ажырауынан туындағанын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Мәжілістегі сөзінде ашық айтты. Сондықтан көзі ашық, көкірегі ояу жұртшылықты ел Президентінің маңына топтасуға, мемлекет  саясатын кері кетіруге жол бермеуге шақырамыз, – деді Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының  президенті Берік Әбдіғалиұлы.

Өзгелердің жаңалығы