Соңғы айда COVID-19 ең көп тіркелген аймақтар анықталды

3 Шілде 2020, 11:29
2094
Бөлісу:
Соңғы айда COVID-19 ең көп тіркелген аймақтар анықталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық  коммуникациялар қызметі алаңында өткен "COVID-19 жұқтырған тұрғындарға медициналық көмекті көрсету мәселесі жайлы" онлайн брифинг барысында ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният мәлімдеді.

Коронавирустық инфекция бойынша эпидемиологиялық жағдай тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар, бүкіл әлем бойынша күрделі болып отыр. Көптеген елде инфекцияның таралуының екінші толқыны жүріп жатыр. Елімізде күн сайын COVID-19 инфекциясын жұқтырған адамдар саны өсіп келеді. Тіркелген жағдайлардың орташа өсімі бір айдың ішінде шамамен, 4,5%-ды құрады. Облыстарда өсім көлемі 2%-дан 8%-ға дейін көтерілуде. Бүгінде елімізе 44 075 жағдай тіркеліп отыр. Күніне орта есеппен 1500 адам ауырады. Осы күнге дейін ауруханаларда 200 науқас көз жұмды. Қазіргі уақытта ауруханаларда COVID-19 пневмониясымен 8500 науқас емделіп жатыр, - деді ол. 

Вице-министрдің айтуынша, соңғы айда COVID-19 инфекциясымен ауырған пациенттердің ең жоғары өсімі халық көп орналасқан және ірі өнеркәсіптік қалалар – Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Атырау, Қарағанды қалаларының халқы арасында тіркелген. 

Мысалы, жеке адамдар арасындағы инфекцияның ең жоғары өсімі – Алматы қаласында, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарында байқалады. Аурудың таралуында әр облыстың өз ерекшелігі бар. Пациенттердің медициналық көмек алу кезінде оларда қиындықтардың туындау себептері де әр түрлі. Азаматтар Нұр-Сұлтанда сырқаттануына байланысты медициналық ұйымдарға өздігінен көптеп жүгінеді және ол еліміз бойынша жалпы өлім жағдайлары санының үштен бір бөлігін құрап отыр, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы