Смайылов: Үкімет инфляцияны тежеу бойынша тиісті шараларды қабылдауда

12 Мамыр 2022, 11:10
1327
Бөлісу:
Смайылов: Үкімет инфляцияны тежеу бойынша тиісті шараларды қабылдауда

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Экономиканың нақты секторының қарқынды дамуының нәтижесінде 4 айдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнім 4,4%-ке дейін өсті. Бұған негізінен өңдеуші өнеркәсіп салалары оң ықпал етті.  

Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов  айтты.

Атап айтқанда, былғары өнімдерін өндіру 23%-ке өсті, сусындар өндірісі 19%-ке, пластмасса бұйымдарын шығару   және  киім-кешек өндірісі 14%-ке өсті. Ал, жиһаз өндірісі 13,5%, машина жасау 9,5%, химия өнеркәсібі 8,5%,  фармацевтика  6,5% өсімді көрсетті. Тау-кен өнеркәсібінде өсім негізінен табиғи газ, мұнай, металл кені және көмір өндірісіне  тиесілі, -деді Үкімет басшысы.

Оның атап өтуінше, қызмет көрсету секторында сауда 9,6%-ке, көлік 8,4%-ке, және байланыс 7,1%-ке өсті. Құрылыс саласы жыл басынан бері   9,5%-ті тұрақты өсім көрсетіп келеді. Қазірдің өзінде 3,6  млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.

Осы жылдың 4 айының қорытындысы бойынша Ақмола, Алматы, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарында, Шымкент пен елордада барлық негізгі көрсеткіштер бойынша өсім тіркелді. Ал, қалған өңірлер жоспардағы көрсеткішке қол жеткізу үшін жұмысты күшейтуі қажет. Санкциялық шектеулер аясында сыртқы келеңсіз әсерлерді азайту және ұлттық экономиканың   одан әрі дамуын қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды жандандыру қажет, - деді ол Үкімет отырысында.

Смайыловтың айтуынша, елде жылдық  инфляция деңгейінің   артуы байқалып отыр. Оған негізінен азық-түлік тауарлары бағасының  өсуі әсер етуде.

Біріккен Ұлттар Ұйымының деректері бойынша дүние жүзінде азық-түлік бағалары соңғы 12 айда   36%-ке өсті. Әлемде әсіресе, қант, ет және сүт өнімдерінің бағасы өсіп барады. Бұл   өз кезегінде біздің нарыққа да тікелей әсер етіп отыр. Қазіргі уақытта Үкімет инфляцияны тежеу бойынша тиісті шараларды қабылдауда. Мемлекеттік органдар мен әкімдіктер жұмысты тиімді қамтамасыз етіп, бұл мәселені ерекше бақылауда ұстауы керек, - деді ҚР Премьер-министрі.

Өзгелердің жаңалығы