Смайылов су тапшылығының алдын алудың 3 жолын атады

22 Қараша 2022, 12:34
1402
Бөлісу:
Смайылов су тапшылығының алдын алудың 3 жолын атады

Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов суармалы жерлерде  суды үнемдеу технологияларын енгізуді   және суды цифрлық есепке алу механизмдерін әзірлеуді тапсырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.  

Біріншіден, қазіргі сын-қатерлерді ескере отырып,  трансшекаралық сулар бойынша үкіметаралық келісімдерді жетілдіру жұмыстарын  тұрақты түрде жүргізу қажет. Экология министрлігі  мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, бұл мәселені  ерекше бақылауда ұстауы керек. Екіншіден, су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесіне  көп көңіл бөлу қажет. Ауыл шаруашылығына арналған су көлемінің  тек  60 пайызы ғана егістікке жетеді. Қалғаны ескірген инфрақұрылымның кесірінен  ысырап болады. Экология министрлігі мен әкімдіктер  каналдар мен су қоймаларын жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарын  күшейтуі керек, - деді Премьер.

Үкімет басшысының үшінші тапсырмасына сай, ауыл шаруашылығы министрлігі   Экология министрлігімен бірлесіп,  суармалы жерлерде  су үнемдеу технологияларын енгізуді ынталандыру  және суды цифрлық есепке алуды кеңейту механизмдерін әзірлеуі тиіс.

Суды көп қажет ететін дақылдарды өсіру үшін  жаңбырлатып  және тамшылатып суару жабдықтарын қолдану тәжірибесін  кеңейту қажет. Сондай-ақ, коллекторлық-дренаждық жүйелер арқылы суды қайта пайдалану технологияларын  көбірек қолдану керек. Жалпы өңірлерді қажетті судың көлемімен қамтамасыз ету үшін  сумен жабдықтаушы ұйымдардың жұмысын үйлестіру қажет, - деді Смайылов. 

Өзгелердің жаңалығы