Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Премьер-министр Әлихан Смайылов Сауд Арабиясы Корольдігінің сыртқы істер министрі Фейсал бен Фархан Әл Саудпен кездесті.
Премьер-министр бүгінде екі ел арасында жоғары деңгейде сенімді саяси диалог орнағанын, мәдени-гуманитарлық байланыстар нығайып, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық дамып келе жатқанын атап өтті.
Сауд Арабиясы – Қазақстанның Таяу Шығыстағы маңызды серіктесі. Біз өзара тауар айналымында оң динамиканы байқап отырмыз, алайда оның қазіргі көлемі әлі де біздің әлеуетімізге сәйкес келмейді. Осыған байланысты елдеріміздің іскер топтары арасында тығыз байланыс орнату маңызды деп санаймыз, — деді Әлихан Смайылов.
Премьер-министр Қазақстан ресми тұлғалармен және кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізу үшін Корольдікке сауда миссиясын жіберуді жоспарлап отырғанын атап өтті.
Өз кезегінде Фейсал бен Фархан Әл Сауд Сауд Арабиясы өзара тиімді экономикалық ынтымақтастықты дамыту үшін барлық мүмкіндіктерді пайдалануға дайын екенін жеткізді. Осыған байланысты екі ел кәсіпкерлерінің іскерлік байланыстары үшін қолайлы жағдай жасау қажет екені атап өтілді.
Бізде ынтымақтастық орнатуға бағыттар жетерлік. Екі ел басшылары өзара қарым-қатынастарды нығайту жөнінде тиісті тапсырмалар берді. Осыған байланысты біз өзара қызығушылық тудыратын барлық салада жұмысты жандандыруға дайынбыз, — деді сыртқы саясат ведомствосының басшысы.