Жоғары аудиторлық палатасында өнеркәсіптік-инновациялық саланы мемлекеттік ынталандырудың тиімділігіне жүргізілген аудит қорытындылары қаралды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Аудиттің негізгі бағыты – өңдеу өнеркәсібі жобаларының қаржыландырылуы.
Аудиторлық қорытындыда келтірілгендей, 2016-2023 жылдары Қазақстан өңдеуші секторды дамытуда бірқатар елеулі нәтижелерге қол жеткізді. Мәселен:
өнім өндіру көлемі 2016 жылғы 8 трлн теңгеден 2023 жылы 22 трлн теңгеге дейін өсті;
осы кезеңде өңдеу өнеркәсібінің негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 878 млрд теңгеден 1,6 трлн теңгеге дейін ұлғайды.
Өндірілген тауарлар экспортының деңгейі де өсті. 2022 және 2023 жылдары ең жоғары көрсеткіштер тіркелген, ол сәйкесінше $27 млрд және $23 млрд жетті. Атап айтқанда, 2023 жылы жалпы экспорттағы өңдеу өнеркәсібінің үлесі 29%-ды құрады. Тұтастай алғанда, Қазақстан басқа елдерге орташа және жоғары технологиялық күрделіліктегі тауарларды жеткізуді арттырып жатыр.
Өңдеу өнеркәсібін қолдайтын негізгі даму институттары – «Қазақстанның Даму банкі» АҚ және оның «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ еншілес ұйымы.
2019-2023 жылдары олар 2,4 трлн теңгеге салалық жобаларды қаржыландырды. Бұл негізінен металлургия және тамақ өнеркәсібіне, машина жасауға, сондай-ақ резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіруге қатысты.
Сонымен бірге мемлекеттік аудит қорытындысы бойынша экологиялық және инновациялық жүктемесі бар жобаларды қаржыландыру үлесінің төмендігі байқалады. Сондай-ақ дайын өнімдер, жеңіл және фармацевтикалық өнеркәсіп сияқты басымдыққа ие бағыттар қолдау шараларымен қамтылмаған.
Сонымен қатар жеңілдетілген қаражат түпкі алушыларға ұзақ жетеді, бұл жалпы мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігіне теріс әсер етуі мүмкін. Тіпті Үкімет резервінен шұғыл іс-шараларға көзделген қаражатты да кешіктіріп пайдалану фактілері орын алып отыр.
Отырыс барысында Әлихан Смайылов жобаларды жеңілдікпен қаржыландыру сапалы дайындық жұмыстары есебінен бірнеше есе жылдам жүзеге асырылуы тиіс екенін атап өтті. Яғни, жобаларды қаражат бөлінгенге дейін алдын-ала қарау және дайындау қажет, керісінше емес.
Бюджеттен ақша экономикаға белсенді инвестиция салуға және сол арқылы салық базасын кеңейтуге, жаңа жұмыс орындарын құруға, оны қолдауға бөлінеді. Ал сіздер сол қаражатты жедел үлестірудің орнына сақтап отырасыздар. Мемлекеттен ақша алып, оны депозиттік шоттарда ұстайсыздар, ал бұл қаражатты бюджет шеңберінде басқа да маңызды инфрақұрылымдық жобаларға бөлуге болар еді, — деді Жоғары аудиторлық палата төрағасы квазимемлекеттік компаниялардың басшылығына.
Аудит барысында «Қазақстанның Даму банкі» АҚ-ның экспорттаушыларды қаржыландырудың нысаналы бағыты бойынша ұқсас бағдарламаларын әртүрлі шекті сыйақы мөлшерлемемен қатар іске асырғаны да анықталып отыр. Бұл белгілі бір қарыз алушыларға арзан кредит беру тәуекелін тудырады және мұндай шараларға тең қолжетімділік негіздерін бұзады. Мәселен, «Қазақстанның Даму банкі» АҚ жекелеген қарыз алушылар үшін белгіленген шектен 1-2,5% төмен мөлшерлемемен несие берген.
Мемлекеттік аудиторлар қалыптасқан ірі бизнес, басқаша айтқанда контрагенттердің айрықша тобын қаржылай қолдаудың жалғасуына ерекше назар аударды. «Қазақстанның Даму банкі» АҚ-ның бес жылдағы барлық кредиттік, лизингтік және инвестициялық портфельдерінің жартысы осы артықшылық берілген топтарға тиесілі, бұл оның іс жүзінде «таңдаулы тұлғалар тобына арналған жеке банк» болып қала беруін көрсетеді. Тұтастай алғанда, бұл тәсіл жеңілдетілген қаражатқа тең қолжетімділік және оларды әділ бөлу қағидаттарын бұзады.
«Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ үшін қаржыландырудың басым бағыттары айқын әлеуметтік-экономикалық әсері бар лизингтік келісімдер болуы тиіс. Алайда жобаларды іріктеу барысында күтілетін әлеуметтік-экономикалық әсерге бағалау жүргізілмейді. Тиісті әдістеме де жоқ.
Сонымен қатар мемлекеттік аудит өнім экспорты бойынша қарсы міндеттемелер қарыз алушыларды оны ұлғайтуға ынталандырмайтынын анықтады. Бұл қолданыстағы экспорт көрсеткіштері несиелік келісімге сәйкес келетін жағдайларға қатысты. Бұл тәсіл мемлекеттік ресурстарды тиімсіз бөлу және қаржыландырудың арзан көзі ретінде акционерлерге дивидендтер төлеу және банктердегі депозиттерге орналастыру сияқты басқа мақсаттарға пайдалану қаупін тудырады.
Сонымен қатар экспортты бағалау кезінде компанияның қызметіне байланысты барлық өнім бойынша сыртқы экономикалық қызметтен түсетін жалпы түсімдер ескеріледі. Ал мемлекеттік қолдау шарасы қаржыландыру көзделген өнімнің белгілі бір түрінің экспорт көлемін кеңейту үшін ұсынылады. Осылайша іс жүзінде қолдау көрсету көзделген тауарды өндіру қажет болмайтын жағдай туындайды.
Экспорттың қарсы міндеттемелерінің ыңғайлы етіп жасалғаны соншалық, қарыз алушылардың экспортты ұлғайтуға ынтасы жоқ. Нәтижесінде қолдау көрсетілген кәсіпорындардағы экспорт үлесі 2020 жылдан бастап жалпы экспорт көлемінде екі есеге, яғни 9,1%-дан 4,5%-ға дейін төмендеген. Ал ірі даму институттарымыздың бірі ретіндегі Қазақстанның Даму банкінің миссиясы – өңдеу өнеркәсібінің экспорттық әлеуетін ілгерілету, — деп атап өтті Әлихан Смайылов.
Сондай-ақ тәуекел деңгейі жоғары жобаларды қаржыландыру жағдайлары анықталды. Аудиторлық іріктемеге түскен осындай жобалар бойынша қаржылық жағдайының нашарлауы, өнім экспорты бойынша жоспарлардың орындалмауы және төлемдердің кешіктірілуі байқалады. Олардың ішінде екеуіне экономикалық дефолт статусы берілді.
Мемлекеттік аудит барлығы 439 млрд теңгеден астам қаржыны қамтыды. Нәтижесінде:
* 1,2 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар;
* 25,9 млрд теңгеге қаражатты тиімсіз жоспарлау және пайдалану;
* 64 рәсімдік бұзушылық және 9 жүйелік кемшілік анықталды.
* Есептеулерге сәйкес жіберіп алған пайда мен экономикалық шығындар 15,8 млн теңге.
Отырысты қорытындылай келе, Палата төрағасы анықталған бұзушылықтар мен кемшіліктерді жою үшін бірқатар нақты шаралар, соның ішінде квазимемлекеттік компаниялардың ішкі нормативтік құжаттарын жетілдіру бойынша шаралар қабылдау талап етілетінін атап өтті. Тиісті жұмыс Жоғары аудиторлық палатаның бақылауында болады.