Смайылов министрліктерге бірақатар тапсырма берді

Смайылов министрліктерге бірақатар тапсырма берді
711

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы  Үкімет отырысында ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов айтты.

Ол Мемлекет Басшысының тапсырмасы бойынша Импортты алмастырудың 2025-ші жылға дейінгі бағдарламасы дайындалып жатқанын айтты. 

Бағдарлама аясында қазақстандық қамту үлесін 60%-ке дейін жеткізу жоспарланған. Ең бастысы, бұл жаңа өндірістердің дамуына серпін беріп, 116 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді, - деді Үкімет басшысы.

Оның атап өтуінше, ірі инвестициялық жобаларды іске асыратын компаниялардың айналасында шағын және орта кәсіпорындардың белдеуі құрылып, олар өндірістің дамуына мультипликативтік әсер береді.

Бұл өз кезегінде, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал етеді.  

Импорттың орнын алмастыру үшін шығарылатын өнім бәсекеге қабілетті және сапасы жоғары болуы тиіс.

Сондықтан орталық және өңірлік деңгейдегі барлық мемлекеттік органдар жүйелі және үйлесімді жұмыс істеуі қажет, - деді Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар Әлихан Смайылов министрліктерге бірқатар тапсырма берді:

Біріншіден, өңір әкімдіктері Индустрия және Ұлттық экономика министрліктерімен бірлесіп, импорт алмастыру жобаларын іске асыру үшін қажетті инфрақұрылымды уақытында жүргізіп беруді қамтамасыз етсін. Барлық жобалар жоспарланған мерзімге сай іске қосылуы тиіс.  

Екіншіден, Индустрия министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен, «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, жобаларды қаржыландыру мәселесін пысықтасын.

Үшіншіден, Сауда министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, СТ-KZ сертификаттарын алу тетігін қайта қарасын, оның ішінде тиісті сертификаттарды беру функциясын Сауда министрлігіне қайтару мәселесін қарасын.   

Төртіншіден, Білім министрлігі Еңбек, Индустрия, Энергетика, Ауыл шаруашылығы, Денсаулық сақтау, Ұлттық экономика, Қаржы министрліктерімен бірге өндірістерді уақытында іске қосуды қамтамасыз ету үшін білікті кадрларды дайындау мәселесін пысықтасын.  

Бесіншіден, Индустрия министрлігі орталық және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, айтылған тәсілдерді ескере отырып, 16 мамырға дейін Импортты алмастыру жөніндегі бағдарламаның жобасын пысықтап, Үкіметке енгізсін.

Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы