Премьер-министр Әлихан Смайылов биыл мал азығын дайындау жұмыстары үшін ауа райы қолайлы болып тұрғанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Маңғыстау және Атырау облыстары графиктен кешігіп келеді. Бұл өңірлер Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, жұмыс қарқынын күшейтуі керек. Егін орағына дайындық мәселесіне келсек, Үкімет қаржылай және материалдық-техникалық қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті шараны қабылдады. Енді тек жұмыс істеу ғана қалып тұр, - деді Смайылов.
Ол атағандай, биыл болжам бойынша астықтың түсімі орташа жылдық көрсеткіштен жоғары болуы керек.
Осыған орай Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктердің басты міндеті – егін орағын уақытында және сапалы өткізу қажет. Элеваторлардың астықты қабылдауға және сақтауға дайын болуын қамтамасыз ету керек. Сонымен қатар Ауыл шаруашылығы, Индустрия министрліктері мен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы өңір әкімдіктерімен бірлесіп, вагондармен қамтамасыз ету және логистика мәселесін шешу жұмыстарын жүргізсін, - деді ол.
Оның айтуынша, Ауыл шаруашылығы министрлігі Азық-түлік келісімшарт корпорациясымен бірлесіп, қыс мезгілінде фермерлердің қажеттілігін қамтамасыз ету үшін жем-шөп қорын уақытылы жасақтау шараларын қабылдауы керек.