Смайылов: Көлік апаттарының негізгі себебі – жол сапасының нашарлығы

4 Қазан 2022, 10:58
1598
Бөлісу:
Смайылов: Көлік апаттарының негізгі себебі – жол сапасының нашарлығы

Көлік апаттарының негізгі себептері – жолдардың нашар жағдайы. Халық тарапынан жолдың сапасына қатысты шағым өте көп. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Айталық, 26 қыркүйекте Ақтөбеде тұрғындар айналма жолды жауып тастады. Себебі ол жолда не жарық жоқ, не жаяу жүргінші өтетін жер, не қауіпсіздік элементтері жоқ.Мұның бәрі жол апатына алып келеді. Жол қауіпсіздігі саласында бейнекамералар мен басқа да техникалық бақылау құралдары жеткіліксіз. Республикалық маңызы бар автожолдарда бейнебақылау жүйесі тек Ақмола облысында ғана бар.  Біздің басты міндетіміз – жол қауіпсіздігі, жол апаттары мен одан қаза болу жағдайларын азайту бойынша кешенді шешімдер қабылдау, - деді Үкімет басшысы. 

Естеріңізде болса, жол мәселесіне қатысты Мемлекет басшысы өз жолдауында айтқан болатын.

Автожол құрылысына, соның ішінде жергілікті жолдардың сапасына баса мән беру керек. Бюджеттен қыруар қаржы бөлінсе де, бұл мәселе әлі шешімін таппай отыр - деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Сонымен қатар мемлекет басшысы 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың кемінде 95 пайызын жақсарту жөнінде тапсырма берген еді. 

Үкімет бұл мәселені тікелей бақылауға алсын. Жол құрылысындағы заңсыздықтарды анықтау қажет. Бұл жұмыстан нақты нәтиже шығару керек - деген болатын Мемлекет басшысы.

Өзгелердің жаңалығы