Смайылов Грузия Премьер-Министрі Ираклий Гарибашвилимен келіссөз жүргізді

27 Шілде 2022, 15:32
986
Бөлісу:
Смайылов  Грузия Премьер-Министрі Ираклий Гарибашвилимен келіссөз жүргізді
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Премьер-Министрі Әлихан Смайылов елімізге ресми сапармен келген Грузия Премьер-Министрі Ираклий Гарибашвилимен келіссөз жүргізді.

Бұл туралы  Премьер-Министрдің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастық, өзара инвестициялар мен бизнес-байланыстарды кеңейту, екі елдің туристік әлеуетін дамыту, жаңа әуе рейстерін ашу, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық саладағы өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады.

Смайылов  Грузия Премьер-Министрі Ираклий Гарибашвилимен келіссөз жүргізді

Әлихан Смайылов қазіргі уақытта бірлескен күш-жігердің арқасында өзара тауар айналымының рекордтық көрсеткіштерге жеткенін атап өтті. Тауар айналымы $31,7 млн-нан $147,7 млн-ға дейін өсті, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстарғанда 4,7 есе көп.

Оң динамиканы сақтау үшін бізде барлық мүмкіндіктер мен құралдар бар. Бүгін қол қойылған Өзара тауар айналымының номенклатурасын кеңейту жөніндегі 2023-2026 жылдарға арналған жол картасы екі ел арасындағы саудаға қосымша серпін беретініне сенімдімін — деді ҚР Премьер-Министрі.

Өз кезегінде Ираклий Гарибашвили Қазақстан мен Грузияның азық-түлік қауіпсіздігі мен жүк тасымалдауды қоса алғанда, көптеген салада ынтымақтастықты кеңейту бойынша әлеуеті зор екенін атап өтті.

Смайылов  Грузия Премьер-Министрі Ираклий Гарибашвилимен келіссөз жүргізді

Екі ел арасында сауда, инвестициялық және бизнес-ынтымақтастық қарқынды дамып келеді. Бірлескен жобалар аясында табысты кооперацияның көптеген мысалдары бар. Сонымен бірге біз екі ел экономикасын дамыту үшін одан да көп жұмыс жасай аламыз. Сондықтан жаңа мүмкіндіктер мен өзара тиімді бағыттарды қарастыру қажет, — деді Ираклий Гарибашвили.

Кездесуде тараптар Транскаспий халықаралық көлік бағдарын (ТХКБ) дамыту мәселелерін де талқылады.

Оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін теміржол учаскелері мен теңіз порттарындағы инфрақұрылымдық шектеулерді алып тастау, сондай-ақ қолданыстағы тарифтерді қайта қарау қажеттігі атап өтілді.

Бұл жоба екі ел үшін стратегиялық маңызға ие. Қазақстан тараптар мүдделерінің теңгерімін сақтай отырып, өңірдің көлік-транзит әлеуетін дамыту жөніндегі барлық бастамаларды қолдайды. Жалпы ТХКБ әлеуетін арттыру үшін басқа қатысушылармен бірге «тар» тұстарын синхронды жою және оның әлеуетін дамыту бойынша 2022-2025 жылдарға арналған жол картасын әзірлеуді ұсынамыз, — деді Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар ҚР Премьер-Министрі екі ел арасындағы туристік әлеуетті, оның ішінде эко- және этно-туризм тұрғысынан дамытудың маңыздылығын ерекше атап өтті.

Смайылов  Грузия Премьер-Министрі Ираклий Гарибашвилимен келіссөз жүргізді

Бүгінгі таңда Қазақстан Грузияға 34 тікелей әуе рейсін жүзеге асырады. Бұл орайда Қазақстанның 12 әуежайында шетелдік әуе компаниялары үшін ашық аспан режимі енгізілді. Оның аясында рейстер саны бойынша барлық шектеуді алып тастау көзделген.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойды: Қазақстан мен Грузия арасындағы өзара тауар айналымының номенклатурасын кеңейту жөніндегі 2023-2026 жылдарға арналған жол картасы, Қазақстанның Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Грузияның Экономика және тұрақты даму министрлігі арасындағы ынтымақтастық меморандумы, сондай-ақ «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ мен «Грузия темір жолы» АҚ арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум.

Өзгелердің жаңалығы