Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов министрліктерге бірқатар тапсырма берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жаңартылатын энергетиканы дамытуға жарайтын қажетті жер аумағы, қазба байлығының мол қоры, атом энергетикасын дамыту жөніндегі жоспарымыз бар. Осыған байланысты мына мәселелерге тоқталғым келеді. Біріншіден, қазіргі кезде электр қуатының тапшылығы көрші елдердің энергия жүйесі арқылы шешіліп келеді. Энергетика министрлігі «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, жыл соңына дейін энергияны тұрақты түрде жеткізуді қамтамасыз етуі қажет, - деді Смайылов.
Екіншіден, Энергетика министрлігі салаға ең көп салмақ түсетін маусымдық кезеңдерде қажетті маневрлік қуаттарды ұлғайту шараларын қабылдасын.
Үшіншіден, Ұлттық экономика, Энергетика, Индустрия министрліктері мен «Самұрық-Қазына» қоры қазан айының соңына дейін «инвестиция орнына тариф» саясатын іске асырудың нақты механизмін ұсынсын, - деді Үкімет басшысы.
Төртіншіден, энергетика министрлігі электр және жылу энергиясына «әділ тарифтерді» кезең-кезеңімен белгілеу шараларын қабылдасын.
Бесіншіден, әлемдік тәжірибені ескере отырып, көмір жағатын электр станцияларынан зиянды заттарды азайту және оларды кәдеге жарату технологияларын әзірлеп, қолданысқа енгізу қажет, - деді Премьер-министр.