Смайылов: Денсаулық сақтау саласына қомақты қаражат жұмсалып жатыр

21 Қыркүйек 2022, 10:12
1238
Бөлісу:
Смайылов: Денсаулық сақтау саласына қомақты қаражат жұмсалып жатыр
Фото: primeminister.kz

Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Біздің міндетіміз – әрбір азаматты сапалы әрі қолжетімді медициналық көмекпен қамтамасыз ету. Бұл үшін денсаулық сақтау объектілерін салуға, медициналық техника сатып алуға, заманауи технологияларды енгізуге, кадрларды оқытуға қомақты қаражат жұмсалуда. Қазіргі таңда магниттік-резонанстық томография, компьютерлік томография сияқты қымбат медициналық зерттеулер қолжетімді болды, - деп атап өтті Үкімет басшысы. 

Сонымен қатар ол былтыр науқастарды радиохирургиялық емдеуге арналған  Орталық Азия елдеріндегі тұңғыш гамма-пышақ орталығы ашылғанына тоқталды. 

Денсаулық сақтауды цифрландыру мәселесі маңызды. Бұл бағытта үлкен жұмыстар атқарылуда. Барлық шара халыққа көрсетілетін қызметтердің жеделдігін, пациенттердің деректер базасының құпиялылығы мен сақталуын жақсартуға бағытталуы тиіс. Цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, медициналық ақпараттық жүйелерді біріздендіру мен интеграциялауды қамтамасыз ету керек. Денсаулық сақтау министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және өңірлермен бірлесіп, биыл қараша айында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын келісуді және бекітуді қамтамасыз етуі қажет, - деді Әлихан Смайылов. 

Өзгелердің жаңалығы