Смайылов Беларусь Республикасының бірінші вице-премьерімен кездесті

8 Маусым 2022, 19:40
1309
Бөлісу:
Смайылов Беларусь Республикасының бірінші вице-премьерімен кездесті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Премьер-министр Әлихан Смайылов Қазақстан-Беларусь сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының 17-отырысына қатысу үшін Нұр-Сұлтан қаласына келген Беларусь премьер-министрінің бірінші орынбасары Николай Снопковпен кездесу өткізді.

Кездесу барысында Әлихан Смайылов Қазақстанның Беларусь мемлекетімен ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге, оның ішінде өзара сауда және инвестициялық байланыстарды нығайтуға баса назар аударатынын атап өтті.

Екіжақты тауар айналымын ұлғайту және екі ел арасындағы сауда-экономикалық кооперацияны дамыту үшін барлық мүмкіндіктер бар деп санаймын», — деді Премьер-министр.

Қазақстан Үкіметі басшысының айтуынша, бүгінгі таңда өнеркәсіптік кооперация саласында Беларусь тарапымен бірлесіп, жалпы сомасы $100 млн 7 жоба жүзеге асырылды. Құны $14 млн тағы 2 жоба қолға алынды, сондай-ақ жаңа жобалар пысықталып жатыр.

Өз кезегінде Николай Снопков Беларусь Республикасының Қазақстанмен барлық бағыттарда өзара тиімді қатынастарды кешенді дамытуға мүдделі екенін атап өтті.

Біз – уақыт сынынан өткен серіктестерміз, сондықтан біздің міндетіміз – барлық салаларда ынтымақтастықты арттыру және тереңдету. Оның негізі өндірістік кооперация және елдер арасындағы әртүрлі бизнес байланыстарды нығайту, — деді Беларусь Республикасының бірінші вице-премьері.

Кездесу барысында тараптар құрылыс, ауыл шаруашылығы және энергетика саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру, азаматтық авиация саласындағы өзара іс-қимыл, сондай-ақ 2022 жылғы шілдеде Витебскіде «Славян базары» халықаралық өнер фестивалі аясында Қазақстанның Беларусь Республикасындағы мәдениет күндерін өткізу мәселелерін талқылады. 

Өзгелердің жаңалығы