Премьер-министр Әлихан Смайылов сыртқы және ішкі сын-қатерлерді ескере отырып, алдағы айларда тұрақты экономиканы сақтау қажет екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Смайыловтың айтуынша, министрлер өңір әкімдерімен бірлесіп, экономиканы одан әрі әртараптандыру мен тұрақты жұмыс орындарын құруға басымдық беруі қажет.
Іскерлік белсенділікті арттырып, экономиканы сапалы дамыту үшін ішкі және сыртқы инвестицияларды тарту, жоспарланған инвестициялық жобалар пулын іске асыру жұмысын күшейту керек. Әсіресе шикізаттан басқа салаларда. Өңірлерде бизнес-бастамаларды жандандыру мақсатында индустриялық аймақтарды, Алматы және Шымкент қалаларының тәжірибесі бойынша шағын өнеркәсіптік парктерді одан әрі дамытуды қамтамасыз ету қажет, - деді Премьер-министр.
Ол кәсіпкерлік пен бәсекелестікті дамыту, сондай-ақ көлеңкелі экономика деңгейін төмендету жөніндегі шараларды іске асыру маңызды екенін атап өтті.
Тұрақты негізде бизнеспен диалог жүргізіп, олар көтеретін барлық проблемалық мәселелерді шешу қажет. Нәтижелі жұмыспен қамтамасыз ету және халықтың нақты табысын арттыру негізгі басымдық болып табылады. Өңір әкімдері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру жұмысын жалғастыруы керек, - деді ол.
Смайылов инфляция деңгейін төмендету үшін барлық тиісті шараларды қабылдауды жалғастыру керегін айтты.
Бюджет қаражатын уақытылы игеруге келсек, бюджеттік бағдарламалар әкімшілері қаржылық тәртіпті күшейтуі керек. Әлеуметтік-экономикалық тиімділікті қамтамасыз ететін бюджеттік параметрлердің қатаң сақталуын және қаражаттың тиімді бөлінуін қамтамасыз етіңіздер, - деді Смайылов.