Слямжар Ахметжаров: Жолдауды іске асыру үшін іс-қимыл жоспарын әзірлеу керек

21 Қыркүйек 2021, 16:24
6575
Бөлісу:
Слямжар Ахметжаров: Жолдауды іске асыру үшін іс-қимыл жоспарын әзірлеу керек

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 1 қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттің қос палатасының бірлескен отырысында Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауын жариялады. Еліміздің Президент жанындағы ҚСЗИ әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің аға ғылыми қызметкері Слямжар Ахметжаров Жолдауға қатысты пікір білдірді. Ол Мемлекет басшысының әрбір тапсырмаларына жеке-жеке тоқталып өтті.

Ахметжаровтың мәлімдеуінше, бұл Жолдаудың ерекшелігі - оның әлеуметтік бағыттылығы. Мемлекет басшысы Қазақстан азаматтарының едәуір бөлігінің өміріне әсер ететін бірқатар бастаманы атап өтті.

Бірінші бастама аясында ең төменгі жалақы мөлшерін 42 500 теңгеден 60 000 теңгеге дейін ұлғайту ұсынылды. Ең төменгі жалақы - бұл кез келген жұмыс істейтін қазақстандыққа, оның еңбегі үшін мүмкін болатын, мемлекет тарапынан әлеуметтік кепілі. Сонымен қатар мемлекет тарапынан еңбекақы төлеудің төменгі деңгейін белгілеу және барлық жұмыс берушінің бұл талапты орындауын бақылау жұмысшылардың еңбекке ақы төлеудің конституциялық құқығын қорғауға, сондай-ақ адал емес жұмыс берушілердің қызметкерлердің еңбегін тиісті төлемсіз пайдалану ниеттерін болдырмауға арналған. Ең төменгі жалақының өсуі Қазақстанның ішкі тұтыну көлемін ұлғайтады және ЖІӨ өсуіне ықпал етеді, - дейді ғылыми қызметкер.

Ол атағандай, екінші және үшінші бастамалар аясында Мемлекет басшысы бизнесті өз қызметкерлерінің жалақысын өсіруге ынталандырудың «ұтымды» шараларын әзірлеуді, сондай-ақ бизнеске жиынтық жүктемені 34%-дан 25%-ға дейін төмендете отырып, еңбекақы төлеу қорынан бірыңғай төлем енгізуді тапсырған.

Қазіргі уақытта қазақстандық бизнес өз қызметкерлері үшін ай сайын бес төлем төлеуге міндетті, олар әрбір жалақының 34%-ын құрайды. Атап айтқанда, төлемдер тізіміне жеке табыс салығы, зейнетақы жарнасы, әлеуметтік салық, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына жарна, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударымдар кіреді. Өз кезегінде, ҚР Президентінің еңбекақы төлеу қорынан жүктемені азайту жөніндегі ұсынысы жұмыс берушілердің «көлеңкеден шығуына» ықпал ететін болады. Сонымен бірге барлық төлемді бірыңғай төлемге біріктіру қажетті аударымдарды жүзеге асыру бойынша міндетті айтарлықтай жеңілдетеді, - дейді Слямжар Ахметжаров.

Сонымен қатар ол төртінші бастама аясында Мемлекет басшысы азаматтық қызметшілердің жалақысын жүйелі түрде арттыруды тапсырғаны ұтымды саясат екенін сөз етті.

Қазақстанда барлығы 1,2 млн-ға жуық азаматтық қызметші бар. Оның ішінде 600 мыңы - бұл педагогтар, дәрігерлер, әлеуметтік қызметкерлер санаты. Тағы 600 мыңға жуық адам - осы уақытқа дейін жалақы көтерілмеген барлық қызмет саласына ортақ жұмысшылар. Айта кету керек, жол картасын жүзеге асыру аясында бүгінгі таңда педагогтардың орташа айлық жалақысы 234 мың теңгеге, дәрігерлердің 320 мың теңгеге, әлеуметтік қызметкерлердікі 180 мың теңгеге, мемлекеттік қызметшілердікі 267 мың теңгеге жетті. Енді Президенттің тапсырмасына сәйкес, жалақыны көтеру мәдениет саласының қызметкерлеріне, мұрағатшыларға, кітапханашыларға, техникалық қызметкерлерге, қорықшыларға, жүргізушілерге және басқаларға да қатысты болады. Қызметкерлердің осы санаты үшін жалақының 2022 жылдан 2025 жылға дейін 20%-ға өсуі - олардың қаржылық жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді, - деді Президент жанындағы ҚСЗИ әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің аға ғылыми қызметкері.

Слямжар Ахметжаров Мемлекет басшысының бесінші бастамасына ерекше тоқталды. Оның сөзінше, алдағы уақытта тұрғын үй сатып алу бойынша халыққа жеңіл нұсқалар беру бағытындағы жұмыстар жалғасын табады. Атап айтқанда, халықтың тұрғын үй мәселесін шешу мақсатында кредит беру бағдарламасын күшейту жүргізілетін болады.

Отбасы банктің жинақ механизмдері азаматтарды түпкі мақсатқа - тұрғын үй несиесін алу үшін депозитке үнемі жарналар аударуға ынталандырады. Кең мағынада, Отбасы банк жүйесі арқылы тұрғын үй несиесін беру тұрғындарға алдын ала жоспарлау мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Жалпы Мемлекет басшысының жолдау барысында айтылған бастамаларын іске асыру экономиканың теңгерімді өсуін қамтамасыз етуге, адам капиталының деңгейін арттыруға, азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға және алдағы кезеңде Қазақстанның жүйелі дамуы үшін басқа да маңызды мақсаттарға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда ел үкіметінің алдында ҚР Президентінің Жолдауын іске асыру бойынша қадамдық және егжей-тегжейлі іс-қимыл жоспарын әзірлеу міндеті тұр. Өз кезегінде Парламент және мәслихат депутаттарының, сондай-ақ жұртшылықтың алдында Жолдау тармақтарының орындалуын бақылауды жүзеге асыру міндеті тұр, - деп түйіндеді Слямжар Ахметжаров.

Өзгелердің жаңалығы