Скляр: Қазақстан – Қытай мен Еуропа арасында негізгі транзиттік көпірге айналды

16 Маусым 2025, 10:41
365
Бөлісу:
 gov.kz
Фото: gov.kz

Астанада өткен “Қытай – Орталық Азия” индустриялық- инвестициялық ынтымақтастық форумы аясында Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр өңірлік көлік-логистика инфрақұрылымының стратегиялық маңызын атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ  тілшісі.

Орталық Азия – әлемдік нарықтарға шығатын маңызды қақпа. Біз мультимодальды логистика мен өңіраралық транзит әлеуетін дамытуда айтарлықтай артықшылықтарға иеміз, – деді Скляр.

Қазіргі таңда Қытай мен Еуропа арасындағы жер үсті жүк тасымалының 80%-дан астамы Қазақстан арқылы өтеді. Бұл көрсеткіш еліміздің логистикалық әлеуетін және “Бір белдеу, бір жол” мегажобасындағы орнын айқын көрсетеді.

Скляр атап өткендей, Қытайдың бастамасымен іске асырылып жатқан “Бір белдеу, бір жол” жобасы мен “Орта дәліз” бағыты Қазақстан үшін жаңа экономикалық мүмкіндіктерге жол ашуда. Бұл әсіресе “Солтүстік – Оңтүстік” және “Шығыс – Батыс” бағытындағы халықаралық дәліздердің әлеуетін барынша тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

2024 жылы Орта дәліз арқылы жүк тасымалы 60%-ға өсіп, 4,5 миллион тоннаға жетті.

ҚР Үкіметі көлік инфрақұрылымын кеңейту бойынша ауқымды жобаларды жүзеге асырып келеді:

  • “Достық – Мойынты” теміржолының екінші жолын салу жобасы аяқталуға жақын;
  • Алматы қаласын айналып өтетін теміржол желісі құрылысы биыл аяқталады;
  • Үшінші трансшекаралық теміржол – “Аягөз – Тачэн” желісінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл жоба аясында жаңа өткізу пункті ашылып, Қытаймен жүк өткізу қабілеті жылына 25 млн тоннаға артады.

Форум аясында Роман Скляр қытайлық серіктестерді Қазақстандағы жаңа көлік және логистика инфрақұрылымы жобаларына белсенді қатысуға шақырды.

Біз серіктестікті тереңдетуге, жаңа теміржол және логистикалық бағыттарды бірлесіп дамытуға мүдделіміз, – деді Скляр.

Өзгелердің жаңалығы