Скляр мен Қасымбек Қарағандыдағы жол құрылысының іске асырылу барысымен танысты

17 Маусым 2020, 18:23
1354
Бөлісу:
Скляр мен Қасымбек Қарағандыдағы жол құрылысының іске асырылу барысымен танысты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Премьер-министрінің орынбасары Роман Скляр мен Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Қарағанды облысындағы жол құрылысы барысымен және ірі инвестициялық жобалардың іске асырылуымен танысты.

Роман Скляр Қарағанды-Теміртау автомобиль жолының учаскесін қарап шықты. Мердігерлер жөндеу жұмыстарын бір ай ішінде аяқтауға уәде берді. Жол алты жолақты болады. Күн сайын осы жол арқылы 20 мыңнан астам автокөлік өтеді. Вице-премьерге Қарағандыдағы жаңа жолдар туралы баяндалды. Биыл жалпы ұзындығы 48,3 км құрайтын Солтүстік және Шығыс айналма жолдарының құрылысын аяқтау жоспарланған.

Қарағандыда Роман Скляр 3-ЖЭО-ның М-10 жылу магистралін қайта жаңарту барысымен танысты. Жұмыс өткен жылы басталып, қазір аяқталуға жақын қалды. Бұл 60 мыңға жуық қарағандылықты үздіксіз және сапалы жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Премьер-министрдің орынбасары Сарань қаласындағы "Kazcentrelectroprovod" ЖШС-де болды. Кәсіпорын кабель-өткізгіш, телекоммуникациялық және электротехникалық өнімдерді, металл құрылымдарын өндіреді, осы жылдың бес айында өндіріс көлемі 1,7 млрд теңгені құрады. Кабельдерді шығару екі есе өсті. Қарағандылық өндіруші Қазақстанның қажеттілігін қамтамасыз етуде. Оның өнімдері ауылдарды цифрландыру кезінде қолданылады. Кәсіпорын сондай-ақ Ресей мен Өзбекстан үшін экспортқа жұмыс істейді, ол қазірде Еуропа нарығына шықты, - делінген хабарламада.

Сондай-ақ, Роман Скляр Yutong маркалы автобустар мен арнайы техника өндірісіне қаражат салатын инвесторлармен кездесті. Кәсіпорын бұрынғы РТИ зауытының базасында жұмыс істейтін болады. Қазір құрылыстың бірінші кезеңі басталды. Өндірісті іске қосу және алғашқы автобустарды шығару биылғы жылдың желтоқсан айына белгіленген. Зауыттың қуаттылығы жылына 1 200 автобус және 500 арнайы техника мен арнайы көлік шығарудан тұрады. Жаңадан 400 жұмыс орны құрылады.

Нысанды аралау барысында Роман Скляр мен Жеңіс Қасымбек автобустар өндірісі бойынша инвестициялық жобаны іске асырудың жол картасына қол қойды. 

Сапар барысында Қарағанды – Балқаш автожолы, ұзындығы 363 км болатын "Орталық – Оңтүстік" дәлізін қайта жаңарту барысы тексерілді. Жұмыс қызу жүріп жатыр. Сондай-ақ, Роман Скляр мен Жеңіс Қасымбек "Күрті-Бурылбайтал" учаскесінің қайта жаңартылу жұмыстарымен танысты. Мұндағы жөндеу жұмыстарын 2022 жылы аяқтау жоспарланып отыр.

Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Роман Скляр белгіленген жоспарларды үздіксіз әрі уақытылы орындау бойынша тапсырмалар берді.

Өзгелердің жаңалығы